Бірнеше сағаттан кейін Оңтүстік Кореяда өтетін Пиоңчаң қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты басталады. Әрине әлемнің әр елі үкілеген жүйріктерін бәйгеге қосқан бұл спорттық шараға көз тігеді. Бірақ, болашақта қысқы Олимпиада ойындарын өткізу жылдан жылға қиындай түсіп, солтүстік жарты шардың бірнеше елдерімен ғана шектеліп қалуы мүмкін деген болжамдар айтылуда.
Әлемдік ірі ақпарат көздері бұл мәселеге орай қысқы Олимпиада ойындарын өткізудің жылдан жылға қиындай түсуіне 8 түрлі үлкен себепті талдап көрсетті.
1. Жер шарында қар мен мұздың азаюы
АҚШ-тағы NASA агенттігінің мәліметіне қарағанда 2017 жылдың қысы, кейбір елдердегі бірер апталық аяздарға қарамастан 137 жылдан бергі ең жылы қыс болыпты. Ғалымдардың есебі бойынша индустриялық дәуір басталғаннан бері Жердің орташа температурасы 1 градусқа көтерілген. Бұл үрдіс ұзаққа созылған тенденция деп қарайды ғалымдар.
Әлемдегі көптеген елдерден ғаламдық жылудың салдарын анық байқау қиын болмай қалды. Айталық, Альп тау сілемдеріндегі орташа ауаның жылылығы 2 градусқа жоғарлады. Еуропаның бірлескен зерттеу орталықтары 2099 жылға барғанда бұл таулардағы қар-мұздардың 30 пайызы жоғалып кетеді деп отыр.
Канаданың Ватерлоо университеті зерттеушілері қысқы Олимпиада өткізу құқығын алған қалаларға жасалған зерттеу нәтижесін жариялады. Олардың болжамына сенер болсақ, 2050 жылға жеткенде 21 олимпиадалық қаланың 13-і ғана жарамды болса, 2080 жылға барғанда 8 қала ғана қысқы Олимпиада өткізуге толымды болып қалмақ. Бұл болжамдардан қысқы Олимпиада ойындарының ең басты шарты қар-мұздың табиғи байлығы жылдан жылға азайып бара жатқанын біле алмыз.
Дегенмен, бұл үрдістің оңға басуынан да үміт жоқ емес. Ғалымдардың пікірінше 2015 жылы қабылданған «Париж климат келісімі» толықтай жүзеге асса бұл процесс тоқтап, Жер климаты жақсаруы мүмкін деп қарайды.
2. Қар және тау шаңғы демалыс орындарының саны азайды
Климаттың өзгерісі қар шаңғы алаңдарын, қысқы демалыс орындарының санын барған сайын азайтып келеді. Мысалға, Құрама Штат жерінде 1950 жылдан бері 600-ге жуық қар шаңғы алаңдары, сырғанақ, тау шаңғысына арналған орындар жабылып қалған.
Оңтүстік Кореяда өтетін кезекті Олимпиада қар шаңғы спортына жасалған әуелгі орын жарамсыз болып, жарыс уақыты жақындағанда 100 шақырым қашықтықтан жаңа алаң дайындауға тура келді. Ал Еуропада курорттардың 40 пайызы жабылып қалуы мүмкін екен.
3. Қысқы Олимпиада өткізетін қалалар саны жылдан жылға қысқаруда
2022 жылы Қытайдың орталық қаласы Бейжің қысқы Олимпиаданы өткізбекші. Сонымен аталған қала әлемдегі қысқы және жазғы олимпиаданы бірдей өткізе алған екі қаланың бірі ретінде тарихта қалмақ. Бейжің 2008 жылғы жазғы олимпиаданы өткізу құқығын алу үшін көп күш шығарған еді. Ал, 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізу құқығын алу онша қиынға соқпады. Себебі, қысқы Олимпиаданы өткізе алатын қалалар саны тым шекті. Оның үстіне Бейжіңмен бәсекелес қалалардың тұрғындары мемлекет қаражатына ауыр шығындар алып келеді деп наразылық шерулерге шықты. Соңында қысқы Олимпиада өткізуге үміткер Бейжің мен Алматы ғана қалып, төрт қана дауыстың басымдығымен миллиардтар астанасына бұйырып кетті.
4. Қысқы Олимпиада өткізу құны барған сайын қымбаттады
Барған сайын қысқы Олимпиадаға бөлінетін қаражат арта түсуде. Мәліметтерге қарағанда Пиоңчаң олимпиадасының құны 13 млрд АҚШ долларына тең болмақ. Бұл 2010 жылғы Ванкуердегі олимпиададан екі есеге көп. Ең көп қаражат жұмсалған қысқы Олимпиада 2014 жылғы Сочидегі олимпиада болған. Оған қоса қысқы Олимпиада өткізген елге түсетін пайда азайып келеді.
5. Қысқы спортқа қызығушылар азайды
Халықаралық қысқы туризм жөніндегі баяндамаға қарағанда, соңғы алты жылда қысқы туризмге арналған демалыс орындарына баратындар саны 10 пайызға азайған. Бұл қысқы туризмы дамыған АҚШ, Канада, Италия, Франция, Швейцария және Жапония елдерінен алынған дерек. Ал осы жылдарда Қытайда шаңғымен сырғанауға қызығушылар саны арта түскені тағы бар. Тау шаңғысын сүйгіштер деп саналатын АҚШ-та бұл спортпен айналысатындар жылдан жылға азайып келеді.
6. Жазғы-қысқы олимпиада ойындары теле таратылымынан кіріс бар ма?
Халықаралық Олимпиада комитеті жазғы және қысқы Олимпиада ойындарының теле көрсетіліміне рұқсат беруші орын. Аталған комитет арқылы олимпиада ойындарының теле көрсетілімдерінің кірісін анықтауға болады.
Айталық, америкалық NBC арнасы Токиода өтетін 2020 жылғы олимпиада ойындарының теле көрсетілім құқығын алу үшін 2011 жылы келісім жасасып, 3,4 млрд АҚШ долларын төлеген екен. Аталған арна 2010 жылғы қысқы Олимпиаданы тарату үшін төлеген қаржысы (2 млрд доллар) мен 2012 жылғы Лондонда өткен жазғы Олимпиадаға төлеген қаражаты бірдей болып шыққан. Бірақ, нәтижесінде қысқы ойындарды таратудан 233 млн доллар зиян шексе, жазғы ойындарды көрсетуден 120 млн доллар пайда тауыпты.
7. Қысқы Олимпиада ойындарын көрушілер саны аз
Халықаралық Олимпиада Комитетінің мәліметіне қарағанда, Риода өткен олимпиада ойындарын 3,5 млрд адам, ең аз дегені бір минуттан көрген екен. Ал Лондон Олимпиадасын 3,6 млрд адам көрген.
Ал қысқы Олимпиада ойындарын көрушілерді айтар болсақ: Сочи қысқы Олимпиадасын (2014) 2,1 миллиард адам, Ванкуердегі олимпиаданы 1,8 млрд адам теледидар арқылы көрген.
8. Қысқы Олимпиада ойындарының чемпиондары танымал емес
Жазғы Олимпиада ойындарының чемпиондарынан кем тер төкпейтін қысқы Олимпиада ойындарының чемпиондары әлемде танымал емес. Айталық, 8 алтын медальді қамтыған 13 медальді бір реткі Олимпиада ойынында қанжығасына байлаған Уле-Эйнар Биорндаленді көп ешкім тани бермейді.
Міне осы мәліметтерден қарағанда қысқы Олимпиада ойындарының болашағы бұлдыр деуге болады.