Жақында Түркия қарулы күштері Сүрияның Африн аймағына кіріп, «Зәйтүн бұтағы» деп аталатын әскери операциясын бастады. Кеше Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мәлімдемесінде, «Зәйтүн бұтағы» операциясының басты мақсаты Сүрияның жерін басып алу емес, керісінше сүриялық босқындарды еліне қайтаруға көмектесу екенін айтты. Бұл туралы «Шинлаң» ақпараттық сайты түрік басылымдарына сілтеме бере отырып хабарлады.
Түркияның «Анадолы» ақпарат агенттігі арқылы таратылған мәлімдемеде, Түркия басшысы: «Біздің мақсатымыз Сүрияның жерін басып алу емес, қайта Түркияға бас сауғалай келген 3,5 млн Сүрия босқындарының отанына қайтуына көмектесу», – деген. Ол және жергілікті тұрғындар аймақта тұрақтылықты қамтамасыз еткені үшін түрік армиясына рахмет айтқанын білдірді. Оның айтуынша, Түркия армиясы Сүрия азаматтарының мүддесін қорғау бағытында Африндегі террорлық топтардың көзін жою үшін әрекет жасауда.
Сүрияның солтүстігінде күрдтер көбірек қоныстанған. Олардың «Халықтың өзін өзі қорғау қосыны» (YPG) деп аталатын қарулы тобы аймақтағы салмақты күштердің бірі. Анкара билігі өткен ғасырдың 80 жылдарынан бері Түркиядан автономиялық дербестік алуды сұрап келе жатқан Күрд Жұмысшылар Партиясымен аталған қарулы топтың ымыраластығы бар деп санайды. Бұл топтардың күшейіп, ел ішіндегі қайшылықтар мен қарсы топтармен бірігіп Түркияның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруден алаңдап, аталған әскери қадамдарды жасады.
Оның үстіне Сүриядан бас сауғалап барған 3,5 млн босқын, бүгінде Түркияның бас қатыратын маңызды проблемаларының бірі болып отыр. Босқындарды еліне қайтару және ұлттық қауіпсіздік пен территория тұтастығын бекемдеу үшін Түркия билігіне бұл әскери қадамның табысты болуы өте маңызды. Дегенмен, Сүрияға қарулы қосынмен басып кіруін айыптаған елдер мен халықаралық ұйымдар да көп.