Түркия Орта Шығыстағы өз мүддесін соңына дейін қорғайтынын ашық білдірді. Бұндай мәлімдемені Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған жасап отыр.
Түрік президенті Катардың The Peninsula атты ағылшын тіліндегі басылымына сұхбат беріп, Анкараның Орта Шығыстағы саясаты туралы бірқатар мәселелерді ашық ортаға салған. Айталық, Катар мен Сирия жеріндегі түрік қарулы күштерінің миссиясы туралы тоқталған.
Катардағы түрік әскерлерінің Катардың, сондай-ақ Парсы шығанағы аймағының тұрақтылығы үшін қызмет ететінін айтқан Ердоған: «Түрік әскерлерінің Катарда болуынан ешкім қауіптенбесе керек. Егер оны қауіп деп санайтындар аймақта тұрақсыздық орнатуды көздейтіндер болмақ», – деген.
Президент Ердоған Сириядағы қарулы күштері туралы сөзінде түрік әскерлерінің Сирия жерінде мәңгі қалып қоймайтынын айтқан. «Біз ешкімнің территориясына қызықпаймыз. Дағдарыс түбегейлі шешілген кезде біздің Сириядағы ісіміз де ақырласады. Біз ондағы террорлық топтармен соңына дейін табанды түрде күресеміз», – деген Ердоған.
Бұдан тыс сұхбатында Түркия президенті Ливия мен Шығыс Жерорта теңізіндегі даулы мәселер бойынша да өз көзқарасын білдірген. Ол Түркияның аталған аймақтарда өз мүддесінен ешқашан бас тартпайтынын айтқан.
Бүгінде Түркияның қарулы күштері Орта Шығыста Катар мен Сүрияда әскери міндет өтеп жатыр. Сирия дағдарысы басталғаннан бері Түркия негізгі ойыншылардың бірі болып қатысты. Қазір Сирияның солтүстік батысы, солтүстігі және солтүстік шығыс аумағында Түркия қарулы күштері ықпалды бақылау жүргізіп тұр. Өзіне жақын Идлиб негізінен түрік қарулы күштерінің бақылауында. Бұл аймақтарда миллиондаған босқындар уақыттық баспаналарда тұрып жатыр. Ал, Катар дағдарысы басталғаннан кейін (2017 жылы маусым) Түркия әскері Катарға да барған болатын. Ливия жерінде де Анкара өзін негізгі ойыншылардың бірі етіп көрсетуде.
Бұл қадамдар арқылы Түркия аймақтық держава екенін көрсетуге тырысады. Дегенмен, Түркияның Батыс елдерінің Орта Шығыс саясаты мен стратегиясында делдалдық рөлінің де бар екенін ескеру керек. НАТО мүшесі болған Түркия өзінің НАТО елдері үшін маңызды стратегиялық орналасуынан пайдаланып өз талаптарын орындатуға тырысады. Бірақ, кейбір мүдделер тұрғысында НАТО мен Түркияның да келіспейтін тұстары көп.