Сүрия мен Иракта «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының жеңілгендігі жөнінде осыған дейін АҚШ пен Ресей бірнеше рет ресми мәлімдеме жасады. Сырт көзге бір қарағанда Ирак пен Сүрияны террористерден осы екі ел азат еткендей болып көрінеді. Бірақ шын мәнінде бұл солай ма? Жалпы «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымы қалай пайда болды? Олардың артында кім тұр? Оның құрылу тарихы қандай? Бүгін біз осы сұрақтарға жауап іздеп көреміз. Ол үшін біз Ирактың саясат және стратегиялық мәселелер бойынша сарапшысы Карам Саадидің зерттеулеріне сүйенетін боламыз.

«Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы өз бастауын сәләфиттік ағымдағы «Жамағат ат-Таухид валь-Жиһад» тобынан алады. Аталмыш топты 2003 жылы Ирак жеріне АҚШ әскері басып кіргенде Абу Мұсаба аз-Заркауи есімді азамат құрған. Лаңкестік топтың құрылғанына жарты жыл болғанда аз-Заркауи топтың атын «Каида әл-Жиһад фи билад ар-Рафидайн» деп өзгертеді. Кейіннен олар «Ирактағы моджахедтердің кеңесі» ұйымымен бірігіп, АҚШ әскеріне қарсы күрес жүргізеді. Бірақ көп ұзамай өзара идеологиялық және ұйымдық келіспеушіліктің салдарынан бір-біріне күш қолданады. Өзара текетірестен кейін аз-Заркауи тобы біршама әлсірейді. Осыдан кейін ол 2006 жылы «әл-Каида» ұйымының басшысы Усаме Бен Ладенге әл-Каиданың Ирактағы филиалына қосылуға ант береді. Бірақ көп ұзамай аз-Заркауи АҚШ әскери әуе күштерінің Дияла провинциясын атқылау кезінде көз жұмады. Алайда оның өлімі террорлық топтың жұмысына мүлде әсер етпейді. Аз-Заркауидың өлімінен кейін «әл-Каида» Ирак аумағындағы филиалының атын «Ирак ислам мемлекеті» деп өзгертеді де аз-Заркауидың орнына топ басшысы етіп Абу Хамза әл-Мухаджирді тағайындайды. Бастапқыда «Ирак ислам мемлекеті» террорлық ұйымының құрамында «әл-Каидадан» бөлек «Қара байрақ бірлестігі» мен «Катаб Омар» лаңкестік топтары болады. Бірақ бұл бірлестік те ұзақ өмір сүрмейді. Ирак аумағында АҚШ әскеріне қарсы соғысып жүрген өзге де ұйымдар мен топтар аймақта жаңадан пайда болған «Ирак ислам мемлекеті» сияқты квазимемлекетті мойындағылары келмей, оған қарсы күрес жүргізе бастайды. Бұл соғыс 2010 жылдың сәуір айына дейін созылады. Дәл осы жылы сәуір айының 19-ы күні АҚШ әскері «Ирак ислам мемлекеті» ұйымының көшбасшылары Әбу Омар әл-Бағдади мен Әбу Хамза әл-Мухаджирдің көзін жояды. Осыдан кейін түрлі террорлық топтар мен «Ирак ислам мемлекеті» арасындағы соғыс тоқтайды. Ал әл-Мухаджир мен әл-Бағдадидің орнына Әбу Бакр әл-Бағдади келеді. «Ирак ислам мемлекеті» әл-Бағдадидің басқаруымен Сүрия аумағына өтеді. Ол Сүриядағы тұрақсыздықты пайдаланып ұйым құрамына жүздеген сүриялықты қосады. 2013 жылы Ракка қаласын басып алмас бұрын Әбу Бакр әл-Бағдади ұйым атын «Ирак және Левант ислам мемлекеті» деп өзгертеді. Бірақ бұл атта ұзақ өмір сүрмейді 2014 жылдың маусым айында Мосул қаласын басып алған әл-Бағдади ұйым атауын «Ислам халифаты» деп жариялайды.

Негізі «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының тарихы бірнеше адамның есімімен бітіп қалмайды. НАТО мен АҚШ арнайы қызметтерінің мәліметі бойынша, ұйымды 44 адам басқарған. Олар топ басшысынан бастап, губернатор, кеңесші сияқты түрлі қызметтер атқарған. Ал олардың үстінен бақылайтын, ұйымның негізгі жұмысын, бағыт-бағдарын анықтайтын 31 адам болған. Қазіргі таңда олардың 23-інің көзі жойылған ал қалған 8-і Сүрия мен Ирак аумағында бір кездері алып күшке ие болған ұйымнан қалған топтарды әлі күнге дейін басқаруда.

Шетелдік сарапшылардың болжамдары бойынша, «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы 2003 жылдан бері Ирак пен Сүрияның  қазіргі Ұлыбританияның жерінен үлкен бөлігін басып алған. Ұйымның құрамында әлемнің әр түкпірінен келген 40 мыңға жуық жанкешті болған. 2014 жылдан бері «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы 310 мың шаршы шақырым аумақтағы қалалар мен ауылдарда ойына не келсе соны істеген. Ирак премьер-министрі Хайдар әл-Абади өз елінің «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының шырмауынан толықтай азат етілгендігі жөнінде 2017 жылдың желтоқсан айында ғана мәлімдеді. Оған дейін Ирак армиясы өзге терроролық топтарды қоспағанда тек «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымымен ғана бас-аяғы 43 ай соғысқан. Осы уақыт аралығында 5,6 миллион адам үйсіз-күйсіз қалып, 1 миллион адам туған жерін тастап Түркия, Иордания, Сүрия, Ливия және Еуропа елдеріне көшіп кеткен. Бұдан бөлек түп негізінде сәләфиттік ағым жатқан «Ислам мемлекеті» ұйымы сенімі мен мазхабы басқа тайпалардың мыңдаған әйелі мен қыздарын өзге лаңкестік топтарға құлдыққа сатқан. 2014-2017 жылдар аралығында «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымына қарсы күресте Ирактың 230 мың бейбіт тұрғыны зардап шегіп, 71 мың сарбазы оққа ұшқан. Бір сөзбен айтқанда «Алла жолында жиһад жасасаң  жұмаққа барасың» дейтін содырлар қысқа уақыт аралығында Ирак пен Сүрия халқының өмірін тозаққа айналдырды.

“The Qazaq Times”