2017 жылдың қараша айында қаржы аудару жүйесі арқылы Қазақстаннан шетелге 50,4 млрд теңге жіберілген және бұл алдыңғы аймен салыстырғанда 2,9%-ға (1,5 млрд тг) аз. Шетелден алынған қаржы көлемі 27,5 млрд теңгені құрайды, қазан айына қарағанда көрсеткіш 3,1%-ға (868,1 млн тг) аз.
Ranking.kz агенттігінің мәліметінше, 2017 жылдың 11 айында шетелге 449,1 млрд теңге аударылып, бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,9%-ға (100,8 млрд тг) артық болып отыр.
Ал шетелден Қазақстанға аударылған қаражат көлеміне келер болсақ - 277,4 мллрд теңгені құрайды. 11 айдағы өсім - 21,9% (49,9 млрд теңге).
2016 жылы шетелге жіберілген және шетелден аударылған қаражат арасындаңы айырмашылық 53,2%-ды құраған.
Қазақстаннан ақша аударылған елдер арасында әдеттегідей Ресей (171,6 млрд тг), Өзбекстан (83,5 млрд тг), Қырғызстан (38 млрд тг) көш бастап тұр. Аталған елдерге жіберілген ақша үлесі жалпы аударылған қаражат сомасының 65,2%-ын құрайды.
Ал Қазақстанға аударылған қаражаттың ең көп бөлігі Ресейге тиесілі. Аталған елден 144,9 млрд теңге қаражат аударылған. Бір жылдағы өсім - 15,9% (19,9 млрд тг).
Екінші орында - Оңтүстік Корея. Бұл елден 11 ай ішінде Қазақстанға 18,8 млрд теңге аударылған және бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,1 есеге (9,7 млрд тг) артық. Ал Қырғызстаннан Қазақстанға 15,9 млрд теңге келген. Бір жылда аударым көлемі 7,9%-ға өскен (1,2 млрд тг).
Бұдан Қазақстаннан кеткен қаржы көлемі келген сомаға қарағанда екі есеге көп екені, яғни қазақстандықтардың қаржысы шетелдің қалтасына "құйылып" жатқаны байқалады.