Ливанның таулы өңірінде Сүрияның шекарасын асып, қарлы бораннан қаза тапқан 9 сүриялық босқынның денесі табылды. Олар Сүрия мен Ливанның ең үлкен шекаралық бекеті Маснаға жақын аумақтағы таулардың бірінде жұма күні болған боранның астында қалған. Ливан әскері құрбан болған азаматтардан бөлек, тағы 6 адамды тауып, ауруханаға жеткізгенін хабарлады. Бұл туралы Әл-Жазира ақпараттық агенттігі жазды.
Ливан әскери қызметінің хабарлауынша, қаза тапқан азаматтардың тегі әлі анықталмаған, бірақ олардың қатарында кемі бір бала бар екені белгілі болды. Қазір арнайы құтқару жасағы таулы өңірдегі өзге сүриялық босқындарды іздестіріп жатыр. Оларды уақытылы тауып, медициналық көмек көрсету тағы бірнеше азаматтың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Әл-Жазира ақпараттық агенттігі тілшісінің хабарлауынша, қыс мезгілі - сүриялық босқындардың тіршілігі қиындайтын кез. Соңғы күндері ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты, Маснадан солтүстікке қарай 60 км жердегі жазықта уақытша шатырларда тұрып жатқан 357 мың босқынның жағдайы ауырлай түскен. Аталған аумақта болған тілші босқындардың шатыры суық пен жаңбырдан қорғауға қабылетсіз пластикалық жабындылардан жасалғанын айтады. Ресми дерек бойынша, Ливанда 1 млн сүриялық босқын тіркелген. Ал бейресми олардың саны 1,5 миллионға жуықтайды. БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі агенттік Ливанда тұрақтаған сүриялық азаматтарға көмек көрсету үшін тиісті қаражатқа қол жеткізе алмай отырғанын жеткізді. Агенттікке өткен жылы сұралған 228 млн АҚШ доллары көлеміндегі қаржының тек 60 пайызы ғана берілген.