2018 жылғы 11 қаңтарда Англияның Апелляциялық сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Молдованың азаматы А.Стати және басқаларының Қазақстан пайдасына шығарылған сот шешіміне шағым жасауға рұқсат беру жөніндегі өтінішін қабылдамай тастады. Өтініш 2017 жылғы 6 маусымда берілген, деп хабарлады ҚР әділет министрлігінің баспасөз қызметі.
"Англияның Жоғары соты 2017 жылғы 6 маусымдағы өз шешімінде Қазақстан Республикасының "2013 жылғы 19 желтоқсандағы төрелік трибуналдың шешімі алаяқтыққа негізделген және оның орындалуы Англияның қоғамдық тәртібіне қайшы келеді" деген мәлімдемесін қолдады", - делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, бұдан бұрын, 2017 жылғы 27 маусымда Англияның Жоғары соты да А.Статиге алаяқтық фактілерін ағылшын әділ сотында мәні бойынша қарауға мүмкіндік берген шешімге шағым жасауға мүмкіндік беруден бас тартқан.
"Қазақстан Республикасы талапкерлер тарапынан орын алған алаяқтық фактілерін дәлелдеуді жалғастырады және шамамен 2018 жылғы қазан айына белгіленген тыңдауларда тиісті дәлелдерді ұсынатын болады. Аталған іс бойынша мемлекеттің мүдделерін білдіруді және қорғауды «Herbert Smith Freehills LLP» халықаралық заң фирмасының қатысуымен ҚР әділет министрлігі қамтамасыз етуде", - делінген ведомство хабарламасында.
Айта кетейік, 2017 жылдың желтоқсан айында молдовалық бизнесмен Стати түсірген шағымына байланысты Қазақстан Ұлттық қорының 22 млрд доллары бұғатталған еді. Әзірге бұл қаражаттың қалай қайтарылатыны белгісіз.