Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарының Алатау баурайында ашылуы біз үшін үлкен қуаныш. Бұл рет 28 бүкіләлемдік «Универсиада – 2017» додасын қолдау, сондай-ақ бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын сақтау мақсатында, Алакөл ауданы Ынталы ауылында шаңғы спортынан жарыс өтті.
Жарысты ұйымдастырушылар: «Алматы облысының жастар ресурстық орталығы» КММ-нің филиалы – «Алакөл ауданы жастар ресурстық орталығы», «Жас Отан» ЖҚ филиалы, Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен білім бөлімі және Ынталы округі.
Аталмыш шараның ашылуына Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Абдинов Алмас Сапарғалиұлы қатысып, өзінің елге, жерге деген жүрекжарды лебізі мен бүгінгі додаға деген ыстық ықыласын білдірді, қатысушыларға сенім артты.
Қыстың суығы мен жолдың тайғақ әрі алыстығына қарамай, әрбір өңірден жиналған спорт сүйер ұл-қыздар өз бақтарын сынады. Жүзге жуық спортшы бес кезең бойынша жүлделі орындарды сарапқа салды. Бірінші бөлім, 14-17 жас аралығында шаңғыдан жекелей сайыс, екінші бөлім, 18-29 жас аралығында шаңғыдан жекелей сайыс, үшінші бөлім, 30 жастан жоғары ересектер арсында шаңғыдан жекелей сайыс, төртінші бөлім эстафеталық сайыс және бесінші бөлім көпшілік спорттық ойындардан өтті.
Бірінші бөлім қорытындысы бойынша ұлдар арасында 3000 метр қашықтықтан жүлделі І орын лепсілік Нұрысбеков Ернарға, ІІ орын Құмарбек Еламанға және ІІІ орын қабанбайлық Скрыпников Дмитрийге бұйырды. Қыздар арасында 1500 метр қашықтық бойынша І орынды Ракишева Айша, ІІ орынды Серикова Виктория, ІІІ орынды Оразбаева Назира жеңіп алды.
Екінші бөлім қорытындысы бойынша ұлдар арасында 3000 метр қашықтықтан жүлделі І орын Нағимолдаев Нурбол, ІІ орын Қонаев Айбек, ІІІ-орын Манарбек Ержан, қыздар арасында 1500 метр қашықтықта І орынды лепсілік Шарипова Асия, ІІ орын жанамалық Ойратова Ұлбосын, ІІІ орынды Үшаралдық Бекбаева Мөлдір иеленді.
Үшінші бөлім қорытындысы бойынша ұлдар арасында 3000 метр қашықтықтан жүлделі І орын Азимханова Жандос, ІІ орын Инсенов Жантас және ІІІ орын Жаймағат Жомарт иеленді.
Төртінші бөлім эстафеталық сайыс қорытындысы бойынша жүлделі І-орынды «Лепсі» командасы иеленсе, ІІ орынды «Талапкер» командасы иеленсе ІІІ-орынды «Мыңбай» командасы қанжығаларына байлады.
Бесінші бөлімнің қол күрес сайысында І-орын Құмарбек Исайыл, ІІ орын Тоқташев Бағжан, ІІІ орын Ким Равиль иеленді, 24 кг салмақты гір тасын көтеру сайысы бойынша І орын Қонаев Айбек, ІІ орын Қабдолдаев Айбек, ІІІ орын Қабдолдаев Ерлен жеңіп алса, 16 кг салмақты гір тасын көтеруден І орын Құмарбеков Исайыл, ІІ орын Тоқташев Бағжан, ІІІ орын Ахмедияров Бекболат иеленді, арқан тартыс сайысы бойынша І орын «Жайпақ 1» командасы, ІІ орын «Жайпақ» командасы және ІІІ орынды «Еңбекші» командасы иеленді. Қатысушылар қорытындыға сәйкес алғыс хат, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Таза ауада спорт бәсекесін тамашалаған көрермен мен байрақты бәсекеде бағы жанған спортшыларымыздың көңіл күйлері көтеріңкі. Әрине, бізге керегі денсаулық, бізге керегі осындай береке-бірлік. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жақсылығымызды асырып, мерейімізді тасыту. Игі бастамаларды қолдап-қуаттау еді. Алдағы бәсекелерде асығымыз алшасынан түсіп, алтын мен алғыстан алқа тағынайық.
Нүсіпқан Қадырсұлтан, Алакөл ауданы
“The Qazaq Times”