Польша, Венгрия мен Чехия биылғы жыл Брюссельмен үлкен қақтығыстар жылы болады деген болжам жасады. Аталған үш мемлекет 2015 жылы одақ мүшелерінің босқындарды арнайы бөлінген квота бойынша қабылдауын талап ететін шешімге қарсы шыққаны үшін Еуропа Сотына барады. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды. 

Польшаның Премьер-министрі Матеуш Моравецкийдің айтуынша, Еуроодаққа мүше мемлекеттер өз еліне кімді кіргізу керектігі жөніндегі шешімді жеке қабылдауы керек. Ол қазан айында Аустрияда өткен сайлау нәтижесінде Еуроодақтың босқындар квотасына қарсы тараптың жеңіске жеткенін алға тартып: "Еуропа - демократиялық құрлық. Босқындар миграциясына қарсы халық қана сайлауда  дәл осы шешімді қолдайтын билік өкілдерін таңдайды", - деді. Матеуш Моравецкий Австрияның жаңа канцлері Себастьян Курцтың жеңісі ел азаматтарының квота мәселесіне қарсы екенін көрсететінін осылай жеткізді.

20 желтоқсан күні Еуропа Комиссиясы Польшаның жемқорлық пен коммунистік жүйенің елесінен арыла алмай келе жатқан заң жүйесін реформалау туралы шешімі сот құзыреттілігін шектейді деген айыппен Варшаваға қарсы іс бастады. Еуроодақтың барлық мүшелері бірауыздан қолдаған жағдайда, Еуроодақ Польшаны одақ көлемінде дауыс беру құқығынан айыруы мүмкін. Бірақ Будапешт мұндай жағдайда өзінің вето құқығын пайдаланып, Польшаны қорғайтынын мәлімдеді. Осыдан бұрын Венгрияның Премьер-министрі Виктор Орбан: "Польшаға шабуыл жасаған адам, бүкіл Орталық Еуропаға қарсы болады", - деген болатын.

“The Qazaq Times”