Кремль Оппозиция басшысы Алексей Навальныйдың қолдаушыларымен бірге дауыс беру процесіне бойкот жариялайтыны туралы мәлімдемесінің заңдылығын тексеру керектігін айтты. Навальный 2018 жылдың наурызында өтетін президент сайлауынан шеттетілсе осындай әрекетке баратынын мәлімдеген. Сарапшылар болса Кремльдің бұл мәлімдемесі Алексей Навальныйға жасалған ескерту деп бағалады. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды. 

Ресейдің мемлекет басшысы Владимир Путин  Президент сайлауына қатысатыны ресми түрде жарияланды.  Мәскеуде оны қолдау үшін жиналған 500-ге жуық әнші, спортшы және өзге де мәдени қайраткерлердің қатысуымен өткен жиынға Президент өзінің қауырт жұмысын алға тартып, қатыспады. Жақын күндері ол кандидат есебінде тіркелу үшін, Орталық сайлау коммиссиясына құжаттарын тапсырады.

Осы аптаның басында Орталық сайлау коммиссиясы Алексей Навальныйдың сайлауға қатысуына рұқсат бермеу туралы шешім қабылдады. Ол Путиннің жалғыз қарсыласынсыз өтетін сайлау миллиондаған ресейліктерді таңдау құқығынан айыратынын айтып, мемлекет басшысы лауазымына талас әділ өтетініне күмән келтірді. Ол қолдаушыларын сайлауға бойкот жариялап, дауыс берушілердің қарсылығын ұйымдастыруға шақырды.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: "Халықты бойкотқа шақырудың заңға сәйкестігін мұқият тексеру керек", - деді. Владимир Путин осыған дейін  Алексей Навальныйды нақты бағдарламасы жоқ, елді хаосқа бастайтын тұлға ретінде сипаттаған еді. Ресей Президенті бұл жолы сайлауға "Единая Россия" партиясы атынан емес, жеке кандидат есебінде қатысатын болады. ВВС тілшісі бұл шешімді халықтың арасында билеуші партияны қолдау деңгейінің төмен болуына байланысты, оған қарсы жағымсыз көзқарастан арылып, жеке дара жеңіске жетудің жолы деп көреді.

Еуроодақ Алексей Навальныйды сайлауға қатыстырмау, оның әділ өтетіндігіне деген сенімді азайтатынын жеткізді. Жемқорлыққа қарсы наразылық шерулерін ұйымдастырушы Алексей Навальныйға осыдан бұрын "қаржы көздерін асыра пайдаланған" деген айыппен 5 жыл шартты мерзімде жаза өтеуге  үкім шығарылған.

“The Qazaq Times”