Оппозиция көшбасшысы Алексей Навальный Ресейде 2018 жылдың наурызында өтетін президенттік сайлауда қазіргі мемлекет басшысы Владимир Путинге қарсы тұруға жеткілікті мөлшерде кандидат жинап үлгергенін хабарлады. Ол жемқорлық фактісі бойынша тағылған айыптауларға сәйкес, Президент сайлауына қатысудан шеттетілген болатын. Оппозиция оны сайлауға қатыстырмау саяси мотивтерге негізделген шешім екеніне сенімді. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды.
Алексей Навальныйдың қолдаушылары Ресейдің 20 қаласында кездесулер өткізіп, дауыс берушілердің қолын жинады. Мәскеуде болған жиында ол Владимир Путинді "Жаман Президент" деп атады. Сондай-ақ, өз жақтастарына мемлекет сайлауға қатысуға рұқсат бермесе, елдегі ең маңызды демократиялық оқиғаға бойкот жариялайтынын айтқан Алексей Навальный осыған дейін ВВС Hardtalk-ке берген сұхбатында ешқандай кедергіге қарамастан, соңына дейін күресетінін хабарлаған болатын.
Мәскеуде ондаған азаматтардың "Ресейге бостандық керек!", "Путин-ұры" деген ұрандармен өткен шеруі "Радио Свободаның" Facebook-тағы тікелей эфирі арқылы көрсетілді. Полиция бұл шараны заңсыз деп тапқанымен, қатысушылардың ешбірі тұтқындалған жоқ.
Бір ғана Мәскеудің өзінен Алексей Навальный 500-ге жуық дауыс жинады. Ол халықтың алдына шығып сөйлеген сөзінде Владимир Путин барлығы ойлағандай, Ресейде үлкен қолдауға ие еместігін жеткізіп, егер оған негізгі ақпарат құралдары арқылы сайлауалды кампаниясын жүргізуге рұқсат берсе, сөзсіз жеңіске жететінін мәлімдеді.
Алексей Навальныйдың стратегиясы бойынша, мұндай басқосулар мен халықтық кездесулер ресми билікті оны алдағы президенттік сайлауға кандидат есебінде тіркеуге мәжбүрлейді. Орталық сайлау коммиссиясына құжаттарын өткізген Оппозиция басшысы өзінің тіркелгені не сайлауға қатыспайтыны туралы жауапты жаңа жылға дейін бірнеше күннің ішінде алатыны хабарланды.
Алексей Навальный биыл өзінің төртінші Президенттік мерзіміне аяқ басқалы отырған Владимир Путинге қарсылас болуға лайықты жалғыз кандидат есебінде бағаланады. Президент сайлауына қатысатыны жөнінде мәлімдеген Ксения Собчакты Навальный "Кремльдің қолдан жасаған кандидаты" деп атаған болатын.