Ресейлік оппозиционер, алдағы Президент сайлауына үміткер Алексей Навальный бостандыққа шықты. Осыған дейін ол бейбіт шерулер өткізу туралы заңды бұзды деген айыппен абақтыға жабылған болатын. Сайлауалды кампаниясына қайта оралған қоғам белсендісі туралы APF ақпараттық агенттігі жазды. 

Ол өзінің Instagram парақшасына "Сәлем! Мен бостандықтамын" деп жазды. Кейіннен оның жеке фотографы Навальныйдың әріптестерімен кездесу сәтінен суреттер жариялады. Сондай-ақ ресейлік оппозиционер Астраханьда алаңға жиналған 300 адаммен кездесіп, өз сөзінде: "Бізге өзімізді мазақ ететін осындай билік қажет пе? Осы себепті де мен өз кандидатурамды ұсынып отырмын", - деді.

Алексей Навальный биылғы жылы заңсыз қоғамдық шерулер ұйымдастырғаны үшін 2 рет (15 күн және 25 күн мерзімге) түрмеге жабылды. Оның соңғы рет абақтыда болған кезінде оппозиционердің қолдаушылары Кремльге жақын жердегі көпірге "Путиннен құтылып, Навальныйды сайлайтын уақыт келді" деген баннер іліп кеткен.

Алексей Навальный Президенттік сайлауға түсуге кандидатурасын ұсынған жаңа үміткер Ксения Собчак туралы әлі ешқандай пікір білдірген жоқ. Дегенмен оның сайлауға қатысу ықтималдылығы туралы қауесет тарай бастаған кезде Навальный оны "Кремльдің лас ойынына" балап, Путиннің қалауымен әдейі қатарға қосылып отырған "жалған үміткер" деп атаған еді. Әкесі Анатолий Собчак Санкт-Петербург қаласының мэрі және Владимир Путинге жақын адамдардың бірі болған Ксения өзін "барлық тарапқа қарсы" азамат деп есептейді. Ол Алексей Навальныйға осыған дейін тағылған айыптардың салдарынан, оның  2024 жылға дейін сайлауға қатыса алмай қалу қаупінің жоғары екендігіне қарамастан, оппозиционерді үміткерлер тізімінен түсірмеуге барын салатынын жеткізді.

Владимир Путин 2018 жылдың наурыз айында болатын Президенттік сайлауға қатысатынын әлі растаған жоқ. Дегенмен сарапшылар оның қатысып, 2024 жылға дейін тағы да 6 жылдық мерзімге лауазымын сақтап қалатыны туралы болжамдарды жиі айтады.

“The Qazaq Times”