Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сүрияға гуманитарлық көмек жеткізуді жалғастыру туралы ұсынысына дауыс беруден қалыс қалды. Мәскеудің пікірінше, Сүрияға гуманитарлық көмек беру біртіндеп қысқартылуы тиіс. Ресей, Қытай, Боливияға қарсы қалған 12 мемлекет қолдаған ұсыныс қабылданып, Сүрия халқы әлем елдерінің бірлескен күшімен жеткізілетін көмектен қағылмайтын болды. Бұл туралы AFP ақпараттық агенттігі жазды.
Ресей бұл жолы ұсыныстың қабылдануына түбегейлі тосқауыл болатын вето құқығын пайдаланған жоқ. Өткен айдағы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сүрия Үкіметінің химиялық қару қолданғанын анықтауға арналған зерттеу жүргізу жөніндегі бастамасына вето қойған еді. Жалпы алғанда, Ресей Сүриядағы серіктесі Башар Асадты қолдау үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде өзінің вето құқығын 11 рет пайдаланған.
БҰҰ ұсынған ресми деректерге сәйкес, жетінші жыл қатарынан соғыс өрті шарпыған Сүрияда 13 млн халық гуманитарлық көмекке мұқтаж. Ресей елшісінің орынбасары Владимир Сафронковтың айтуынша, гуманитарлық көмекті Иордания Үкіметі мен Дамаскіге ескертпей еркін алып кіре беруге мүмкіндік беретін қазіргі жүйе Сүрияның тәуелсіздігіне нұқсан келтіреді.