1,3 млн ғана халқы бар Балтық өңіріндегі Эстония 1997 жылдан бері үкіметті онлайн режимге өзгерту үшін құлшынып келеді. Нағыз жаңа ғасырға лайық бұл идеяның өміршеңдігі де байқалады. Дегенмен, оны жүзеге асыруы оңай болмасы анық. Бұл туралы BBC-дің онлайн қызметі сараптаған еді.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы ұзын-сонар кезектер, қағаздарды толтыру, одан кейін шенді-шекпенділердің есігін қағу... міне, бұлар үйреншікті іске айналып қалған. Бұл адамдардың өмірі мен тұрмысына түрлі қиыншылықтарды тудырумен бірге уақыттарын да шығын етеді. Осымен бірге адамдар ұзын-сонар кезекте тұрғанда ұялы телефондарын үздіксіз қолдануды әдетіне айналдыруда. Екеуі де бірдей адамдардың уақытын өлтіріп жатыр. Олай болса, технологиялар дәуірінде не үшін кілтсөздер басбармақтың бедерімен ғана ашылып, телефон арқылы видеоесептер жасалып, сіз тек смартфон немесе компьютер арқылы саусақтарыңызды ғана қимылдатып, мемлекеттік мекемелердегі формалды сұрақтарыңызды шеше алмасқа? Эстонияда мұндай мүмкіндіктер жүзеге асырылған. Қазір толықтай цифрлы үкіметке өтуге талпынуда.
Эстония үкіметі «e-Estonia» деп аталған жобалары арқылы өзінің көптеген қызметін интернет-платформаларына лайықты етіп жасағанын «күллі әлемге үлгі етуге татиды» деп бағалауда. Аталған мемлекет 1997 жылы жобаны бастап, 2000 жылы тұрғындар осы арқылы салықтарын төлей бастаған. Қазіргі кезде Эстонияның 95 пайыз тұрғыны салықтарын онлайн түрде төлейді. Дәрі рецептерін, анализдердің қорытындысын да онлайн алу мүмкіндігі бар. Тек ол ғана емес, керекті құжаттарға де онлайн қол қойып, сайлауға да онлайн дауыс бере алады. Эстония азаматтығын алғысы келетін шетелдіктерге де осы талап қойылады. Елдің ресми баспасөз мәлімдемешісі берген мәліметке сенсек, бұл жүйе тек ел аумағының ішінде ғана қолданылады. Барлық деректер электронды нұсқада сақталады, қажетті кезде көшірмелері алынады екен.
Тек Эстония ғана емес, Финляндия, Жапония, Кипр елдері де осы жүйені енгізуде. Аталған елдер бұл жүйені орнатуда эстониялық мамандарға немесе олар жасаған дайын жүйелерге жүгінеді. Эстонияның басқару және интернетті қолдануда көпшілік әдістері әлемнің алдынғы қатарында бағаланады. Оксфорд университетінің Интернет және қоғамдық қатынастар бойынша профессоры Хален Маргеттстің айтуынша, Кеңес одағының құрамынан бөлініп шыққаннан кейін (1991 жылы), Эстония ескінің бәрінен бас тартып, бәрін нөлден бастауға тырысқан. Айталық, қағаз бастылықтан арылуды басты орынға қойыпты. «Сондықтан олар Кеңес құрамынан бөлінген басқаларға қарғанда аталған салада бір табан болса да алға кетті», – дейді Хален профессор.
Дегенмен, қазіргі кезде желі қауіпсіздігі мәселесі бірқатар елдердің ең басты алаңдайтын ісіне айналып келеді. Әлеуметтік желілердегі адамдардың жеке мәліметтерінен тартып, үкіметтердің маңызды құпия құжаттарына дейін бүлініп, ұрланып жатқанда электронды үкіметтер сондай ғаламтор қылмыскерлерінің шабуылына ұшырамай қалуы мүмкін бе?!
2014 жылы Мичиган университетінің студенттері Эстонияның онлайн қызмет көрсету жүйесінің қауіпсіздігін тексеруден өткізген. Тексеруден кейін олар Эстония үкіметіне бұл жүйеден бас тарту туралы ұсыныс айтқан. Эстония үкіметі бұл жүйенің мықты қорғалғанын айтып сендіруде. Қағаз бастылықтан құтылып, азаматтарға қолайлы қызмет көрсету үшін аталған электронды үкімет түрі ыңғайлы болғанымен, ұлттық қауіпсіздікке жаңа қатерлерді де ерте келері анық.