Германия астанасы Берлин қаласында Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаев пен оның отбасын жұмыртқамен атқылады – деп хабарлайды AKIpress ақпарат көзі.
Желтоқсан айының 9-ы күні Берлин қаласында Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаев KyrgyzClub Germany бірлестігінің ұйымдастыруымен Германияда тұратын қырғыз диаспорасымен кездескен. Ақаев отандастарымен кездесуге әйелі Мейрам Ақаева мен қызы Берметпен бірге келген. Берлин көшесінде жиналған оншақты қырғызстандық Ақаевты «Ақаев кет!» деген плакаттармен күтіп алған. Осыдан кейін Асқар Ақаев ешкімнің сұрағына жауап бермейтінін айтып, кездесуден кетпек болған. Осы сәтте наразы топ мүшелері Ақаев пен оның отбасы мүшелерін жұмыртқамен атқылаған.
Естеріңізге салайық, Асқар Ақаев билік басынан 2005 жылы революциядан соң кеткен болатын. Оның орнына президенттік қызметке Құрманбек Бакиев келген. Бірақ ол да көп ұзамай 2010 жылы кезекті революциядан кейін қызметінен кетіп, елден қашуға мәжбүр болған.