Бүгін Еуропалық одақ елдерінің орталығы Брюссель офшорлы аймақтағы елдердің "қара тізімін" жасап, салық саясатына байланысты олармен ынтымақтасудан бас тартуға келісті. Тіпті салық жүйесі ЕО стандартына сәйкес келмейтін 47 елді "сұр тізімге" қосты. Ал осы жаңалық тарағаннан кейін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сыртта қаржысы бар қазақстандық біраз компанияны айтып, олардан кеткен қаржыны қайтаруды талап етті. Президент атын атап, түсін түстеген компаниялар мыналар: "ҚазМұнайГаз" АҚ, "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ, "Теңізшевройл" АҚ және Бейнеу-Шымкент пен "Азия газ құбыры" компаниясы. Ал осы компаниялардың жарғылық капиталы, табысы, кірісі, шығыны немесе қарызы қанша? Анықтап көрейік.
"ҚазМұнайГаз" АҚ
Бәріміз білетіндей, аталған компания квазимемлекеттік, яғни ұлттық компания. Негізгі акционері - "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры мен ҚР Ұлттық банкі. Компанияда "Самұрық-Қазынаның" 530 979 141 жай акциясы бар, ал Ұлттық банктің жай акцияларының саны - 58 420 748 бірлік.
2017 жылдың қазан айындағы көрсеткіш бойынша жарғылық капиталы 709 млрд 344 млн теңгеден асса, жалпы табыс 104 млрд 503 млн 560 мың теңге, таза пайда 444 млрд 018 млн 830 мың теңгені құрайды.
Ал қанша қарызы бар екеніне келер болсақ, осы жылдың 19 сәуірінде компания 2,7 млрд долларға еурооблигацияларын орнатып, қарыз алатыны хабарланса, 30 сәуір күні ұлттық компанияның қаржы директоры Дәурен Қарабаев қарыз көлемі 2014 жылдан бастап екі есеге, яғни 9,8 млрд долларға дейін төмендегенін мәлімдеді.
"ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ
Бұл компанияның негізгі акционері - "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы мен Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі (БҚОД). "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ-дағы "ҚМГ" ҰК-ның жай акцияларының саны - 43 087 006, ал БҚОД жай акцияларының саны - 24 196 547 бірлік.
2017 жылдың 1 қазанындағы есеп бойынша жарғылық капиталы 165 412,00 млн теңге. Жалпы табысы 137 405,00 млн теңге болса, осы жылдың он айындағы таза пайдасы 168 373,00 млн теңге болған.
Бұдан бөлек, KASE ақпараты бойынша қараша айында Standard & Poor's халықаралық рейтинг агенттігі "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ рейтингін "ВВ" деңгейінен "ВВ-" деңгейіне дейін
төмендетілген. Рейтинг болжамы "тұрақты" деп танылған.
Ал қарызға келер болсақ, аталған компанияның қарызы туралы нақты ақпарат жоқ. Дегенмен "ҚМГ" Ұлттық компаниясы осы компанияның акционері екенін ескерсек, онда қарызы біраз екені белгілі.
"Теңізшевройл" АҚ
"Теңізшевройл" АҚ-ның соңғы жылдардағы табысы, жарғылық капиталы туралы нақты ақпарат жоқ. Алайда кейбір мәліметтерге сүйенсек, 2015 жылы ТШО-ның табысы 2014 жылғы 22,8 млрд доллар көрсеткіштен 12,8 млрд долларға дейін құлдыраған. Негізгі акционерлері - "Шеврон" – 50%, "ҚазМұнайГаз" ҰК – 20%, "Эксон Мобил Қазақстан Венчурс Инк." - 25% және "ЛукАрко»"– 5%.
Ал компания қарызына келер болсақ, 2013 жылғы ТШО халықаралық облигацияларын орналастыру арқылы 11 млрд доллар қарыз алатыны туралы ақпарат тараған. Компания ол қаражатты 2019 жылға дейін Теңіз мұнай кен орнын кеңейту жобасын қаржыландыруға жұмсалады деп жоспарлаған. Алайда ол қаражат жұмсалды ма, жоқ па ол туралы нақты ақпарат жоқ.
Міне, бұл біздің абыройлы компаниялардың қаржылық жағдайы. Десек те табысы азайса да, көбейсе де олар ұлттық компания деген статусына сай болу керек еді. Ал олар керісінше, қаржысының жартысын сыртта жасырып, мемлекетті өздеріне инвестиция салуға, онымен қоймай сырттан қарыз алуға мәжбүрлеп отыр. Оның үстіне бұл компаниялардың өзі болмаса да оны басқарып отырған басшылардың офшордан аты-жөні табылмасына кім кепіл?! Солай болды да... Бірақ "ҚазМұнайГаз" ҰК басшысы "офшорда қаржым жоқ" деп мәлімдегені баршамызға белгілі.