Қазіргі кезде көшеде кетіп бара жатып біреуге тиын  тастасақ та "қайырымдылық" деп есептейміз, кейде. Мұның бәрі кәсіби тұрғыдан емес, әрине, жай ғана көмек қолын созу. Бір жағынан сол тиын шынымен қайырымдылыққа жұмсалды ма, оны біз білмейміз. Тек "көлеңкеде" қалып қояды. Десек те Қазақстанда қайырымдылықпен айналысуды кәсіби түрде қолға алып, әр жұмсалған тиынды есептеп көрсететін ұйымдар жоқ емес, бар. Әрқайсысының құрылымы әртүрлі, бірақ. Міне, біз сондай қорлардың жұмысы қандай болатынын білу мақсатында «Ниет» қайырымдылық қорының Президенті Айнұр Темірханқызымен сұхбаттасқан едік.

- Айнұр Темірханқызы «Ниет» қайырымдылық қорын құруға қандай жағдай себеп болды?

Қорды құрудағы біздің мақсатымыз – көмекке мұқтаж балалар өмірінің сапасын жақсарту. Біз негізі басты 4 категорияны қамтимыз. Олар: мүгедек балалар, жетім балалар, аз қамтылған  және көп балалы отбасынан шыққан балалар. Яғни қордың негізгі бағыты осы балалаларға көмектесу десек болады. Өкінішке орай, қазіргі кезде барлық категория бойынша көмек сұраушылар көп. Бірақ ең көп көмек сұрайтындар мүгедек балалар мен аз қамтылған отбасындағы балалардың ата-анасы деуге болады.

- Біздің байқауымызша, сіздер онлайн платформада жұмыс істейсіздер. Ал оның басқа қайырылымдық қорлары атқарып жатқан жұмыстарынан айырмашылығы бар ма?

Біріншіден біз көмек сұраушыларға ақша бермейміз, біздің ұстанымымыз - қаражатпен қолма қол емес көмек көрсету. Яғни біз өзіміздің қайырымдылық бағдарламаларымыз арқылы көмекке мұқтаж балалардың ата-аналарына сертификаттар тапсырамыз. Балалардың базадағы номиналы бойынша сертификатпен (қандай қайырымдылық бағдарламасын таңдауына байланысты) азық-түлік тауарларын, оқу құралдарын, супермаркет желілеріндегі балалар асортиментіндегі тауарларды сатып алуға болады.

Тағы айта кететін ерекшелік niyet.kz сирек кездесетін жобалардың бірі деуге болады. Қазақстанда баламасы жоқ. Өйткені біріншіден, қайырымдылық жасаушы сайтқа тіркелгеннен кейін, көмек қажет ететін балалардың тізімінен нақты бір баланы немесе  бірнеше баланы (сайттың дерекқорынан), сондай-ақ, олардың әрқайсысына қажетті сертификат атауларын таңдап, қаражат аударымдарын жасай алады. Барлық жүргізілген аударымдар қайырымдылық жасаушының жеке кабинетіндегі шотында (жек тұлғаның өзінің есепшоты емес) көрсетіледі және ол онда  жасаған қайырымдылықтарын  бақылай алады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ашық ақпаратта тек баланың аты-жөні, жасы, әлеуметтік жағдайы және мінездемесі ғана көрсетіледі.

Екіншіден, егер қайырымдылық жасаушы көмектескісі келетін нақты бір баланы таңдамаса, онда онлайн платформа арқылы әрі көлемді қаражат аударған жағдайда, ол қаражат жүйе арқылы автоматты түрде белігілі бір тәртіппен тізімде кездейсоқ пайда болған балаға беріледі.

Үшіншіден, платформа арқылы зекет етуге болады (зекет - мұсылман шарты бойынша қоғамдағы мұқтаж жандарға берілетін міндетті садақа). Зекет аудару бойынша да барлық талаптар есепке алынған және зекет калькуляторы іске қосылды.

- Қор осы уақытқа дейін өзінің нақты мақсаттарына қол жеткізе
алды ма?

Айтып кеттім, біздегі мақсат - ол мұқтаж балаларға көмек көрсету. Сондықтан мұқтаж балалар көбейген сайын біздің мақсатымыз да көбейе береді. Ал осы жолда «Ниет» қоры командасы барлық аударылған қаражат адресаттарға жылдам жетуі үшін көп күш жұмсап келеді.  Біз барынша мүмкіндігі шектеулі балалардың барлығына көмектесуге тырысамыз.

Ал жалпы есепке келер болсақ, биылғы жылдың мамыр айынан бастап Қор «Азық-түлік себеті» және «Мектепке жол» бағдарламалары бойынша 1031 балаға  14 млн 935 мың теңге сомасында көмек көрсетті. 1 қарашадан бастап Қор балаларға арналған «Менің балаларға арналған сыйлығым» атты жаңа жылдық қайырымдылық бағдарламасын іске қосты.

- Бұл бағдарламалардың артықшылықтары қандай?

«Азық-түлік себеті» бағдарламасы арқылы әлеуметтік көмек қажет ететін балаларға аты-жөні жазылған сертификаттар беріледі. Бұл ірі сауда орындарынан сапалы азық-түлік мен жасөспірімдердің салауатты тамақтануына қажетті өнімдерді сатып алуға мүмкіндік береді.

Ал «Мектепке жол» бағдарламасымен мектеп құралдарын сатып алуға арналған баланың аты-жөні жазылған сертификат беріледі. Осы сертификатты алған ата-ана баласының шығармашылығына, мектебіне қажетті құралдарды қаладағы супермаркет желілерінен сатып ала алады.

Ал «Менің балаларға арналған сыйлығым» бағдарламасы бойынша балалар дүкендерінің желілерінде ойыншықтар, киім және аяқ киім, жаңа туған нәрестелерге арналған тауарларды сатып алуға сертификат түрінде көмек көрсетіледі.

- Қазіргі кезде Қазақстанда қайырымдалық жасайтындардың
өзіне күмәнмен қарайтындар көбейді. Осыған байланысты
сіздерге де сенім білдірмегендер болды ма?

Біздің қордың қызметі әрқашан ашық көрсетіледі. Қайырымдылық жасаған әрбір адам немесе ұйым біздің қызметкерлермен байланысып, өздері аударған қаражат немесе көрсеткен көмегі бойынша толық есепті біле алады. Ал өзіміздің әкімшілік шығындарымыз Қордың қамқорлық кеңесі тарапынан толық қаржыландырылады.

Сондай-ақ, біздің Қор әр мұқтаж балардың жынысына, ұлтына, дініне, денсаулығына, біліміне, сондай-ақ ата-анасының (қамқоршыларының)  әлеуметтік жағдайына немесе басқа да факторларына қарамастан көмектеседі.

- Дегенмен «қазақстандықтар қайырымдылық жасауды азайтты» деген мәліметтер бар. Жалпы қазақстандықтардың қайырымдылық
жасауға қызығушылығы қалай?

Бүгінгі күні Қордың сайтында 240 астам донор (қайырымдылық жасаушы) мен пайдаланушы бар. Балалардың тағдырына бей-жай қарамайтын осындай жандардың  арқасында 1000-нан астам мұқтаж балаға көмек көрсетілді.

Ал халықаралық көрсеткішке келер болсақ, қыркүйек айында қайырымдылық ең көп жасайтын елдер туралы World Giving Index 2017 халықаралық рейтингі шықты. Осы жылғы рейтингті Charities Aid Foundation (CAF) халықаралық қайырымдылық қоры ұсынған. Олар рейтингті жыл сайын жаңартады. Осындағы мәліметтер бойынша Мьянма ең көп қайырылымдылық жасалатын елдер қатарында және осымен төртінші жыл қатарынан бірінші орында келе жатыр. Халықтың 91 пайызы қайырымдылық жасайды. Одан кейін Индонезия, Кения елдері. Өзіңіз байқап отырғандай аталған елдердің барлығы соншалықты бай елдер емес. Ал Қазақстанның көрсеткіші 30 пайызбен 87 орында тұр. Орталық Азия елдерімен де салысырар болсақ, мұның өзі жоғарғы көрсеткіш емес. Ал бұл рейтингтен нені көруге болады? Яғни әлемдік тәжірибені алып қарайтын болсақ, қайырымдылық жасауға мемлекеттің экономикалық даму көрсеткіші еш әсер етпейді. Мұнда дәстүрлі, діни салттар көбірек ықпал етеді. Сондықтан осы бойынша Қазақстанда да өзінің көрсеткішін жақсартуға мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Өйткені мұқтаж жандарға қайырымдылық жасау біздің менталитетте де бар.

- Сұхбатыңызға рахмет!

“The Qazaq Times”