Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған жақын уақытта Үкімет әйелдерді зорлық-зомбылық фактілерінен қорғау реформасының жоспары дайын болатынын хабарлады. Бұл туралы ол Бүкіләлемдік әйелдерді оларға қарсы күш көрсету, зұлымдық таныту оқиғаларынан қорғау күніне орай үлкен аудиторияның алдында сөйлеген сөзінде айтты.
Түркия Президенті әйелдерге қол көтеру не зұлымдық көрсетуді адамзатқа жасалған сатқындық деп атады. Ол осындай сатқындыққа барған әрбір азаматтың жазалануы тиіс екендігін атап өтті. Әйелдердің қоғамдағы рөлі мен маңыздылығы жөнінде де пікір білдіруді ұмытпаған Президент Түркияның отбасы істері және әлеуметтік саясат жөніндегі Министрліктің әйелдерге күш көрсетудің 20 мың фактісін зерттегенін ескертті.
БҰҰ бүкіл әйелдердің үштен бірі өмірінде бір рет болсын, күш көрсету фактісіне ұшырайтыны туралы ақпарат таратты. Ұйымның бас хатшысы Антониу Гуттереш бүкіл әлемдегі қыздар мен әйелдердің тыныштықта өмір сүруі үшін барлық тараптар күш салуы керектігін айтқан болатын.