БҰҰ Бас Ассамблеясының комитеті 23 мемлекеттің қолдауымен Семей сынақ полигоны бойынша халықаралық ынтымақтастық және қызметін үйлестіру туралы шешімді мақұлдады, деп хабарлайды 24.kz.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, резолюцияны БҰҰ Бас Ассамблеясының жалпы отырысында қабылдау желтоқсан айына жоспарланған. Бұл 1997 жылдан бері БҰҰ Бас Ассамблеясының Семей аймағына арналған тоғызыншы резолюциясы.
Құжат зардап шеккен халықты емдеу мен қызмет көрсетудің арнайы бағдарламалары мен жобаларын әзірлеу және жүзеге асыруда, сондай-ақ Семей аймағында экономикалық өсу мен тұрақты дамуды қамтамасыз ету бойынша халықаралық қауымдастықты Қазақстанға көмек беруге шақырады.
Сондай-ақ, құжатта Семей өңірінің қалпына келтіру мен дамытуға ресурстар бөлетін Қазақстан Үкіметінің маңызды рөлі туралы айтылған.