Алдағы уақытта Испания Конституциясына  аймақтардың тәуелсіздік туралы референдумдар өткізуіне рұқсат беретін бөлім енгізілуі мүмкін. Бұл туралы ВВС-ге берген сұхбаты барысында Испанияның Сыртқы Істер министрі Альфонсо Дастис хабарлады. 

Бұл жаңашылдық Каталонияда өткен референдумға байланысты туындаған саяси дағдарыстың қайталанбауы үшін қолға алынбақ. Дегенмен бұл Испанияның Каталония әрекетін ақтағанын білдірмейді. Өйткені Каталонияның бұрынғы басшыларын тұтқындау туралы бұйрыққа қарсы наразылық шерулері өтіп жатқанына қарамастан, Испанияның Жоғарғы Соты референдумды "Конституцияға қайшы және заңды күші жоқ" деп тапқан пікірін өзгертпеді.

Сыртқы Істер министрі каталондықтардың тәуелсіздікке ұмтылысына мән беріп, Конституцияға өзгеріс енгізу мүмкіндігін зерттеу үшін Парламентте арнайы комитет құрылғанын жеткізді. Ол сондай-ақ саяси дағдарыс салдарынан зардап шеккен каталондықтардан кешірім сұрады. Осыдан бұрын Альфонсо Дастис полициямен қақтығыс сәтінен жарияланған кейбір суреттердің жалған екендігін айтқан болатын.

Конституцияны қайта қарау туралы бастама сепаратистердің тәуелсіздік үшін қозғалыстарының қайта жандануына әкелуі мүмкін. Өйткені бұл оларға енді заң жүзінде еркін референдум өткізу құқығын алуға үміт сыйлайды. Бірақ мұнда ескеретін бір жайт тағы бар. Егер Конституцияға аталған өзгеріс енгізілсе, онда Испанияның 47 млн халқының да Каталонияның  бөлінуіне қатысты пікірі ескерілетін болады. Испанияның Сыртқы Істер министрі құқық беру туралы бастаманы қолдайтынын, бірақ тек каталондықтардың ғана мүддесін ескеретін Карлес Пуджемонт ұсынған жүйеге қарсы екендігін білдірді.

Каталониядағы көтерілістер әлі де жалғасын тауып жатыр. Бірқатар маңызды көшелер жабылып, жүздеген адамдар Каталониядағы Президент үйінің алдына жиналған. Каталонияда 21 желтоқсанға белгіленген сайлауға қатысатын тәуелсіздікті жақтаушы партияларды бір фронтқа біріктіру туралы ой әлі жүзеге аспай отыр. Өңірдің бұрынғы басшысы 17 қараша күні Испаниядағы Сотқа келеді деп күтілуде.

“The Qazaq Times”