ҚР Президенті Нұрсылтан Назарбаев латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің ұсынылған жобасын бекіту туралы жарлық шығару қажет екенін айтты. Ол бұл туралы Президент Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков пен Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжинді қабылдау кезінде айтты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің соңғы жобасы қызу талқыланып, қоғам тарапынан қолдау тапқанын атап өтті.
"Латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің ұсынылған жобасын бекіту туралы жарлық шығару қажет. Комиссия жұмысын аяқтады. Соңғы нұсқа жарияланды. Ғалымдар, тілтанушылар, саясаткерлер, жастар және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері ортақ мәмілеге келді. Жалпы, қоғам қолдап отыр" – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы қазақ әліпбиін латын қарпіне кезең-кезеңмен және жүйелі түрде көшірудің маңызына назар аударды.
Айта кетейік, соңғы рет ұсынылған әліпби бойынша қазақ тіліне тән дауысты дыбыстар апострофпен белгіленеді. Ал бұл алдағы уақытта іскерлік құжаттарды жасауда және мобильді телефон қолданушылар үшін қиындықтар туғызады.