Осы жылдың сегіз айында Оңтүстік Қазақстан облысындағы өнеркәсіп кәсіпорындарымен 510,1 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібімен 353 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Батырхан Құрмансейіт мәлімдеді, деп хабарлайды ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, ол өңірде кәсіпкерлікті қолдау мақсатында Индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы сәтті жүргізіліп жатқанын атап өтті. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 2015-2019 жылдары Кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша құны 1,2 трлн теңгеге 17,5 мыңнан астам жұмыс орнын құрайтын 135 жобаны іске асыру жоспарланған.
«Қазіргі уақытта мемлекеттік бағдарламаның аясында 47,7 млрд теңгені құрайтын 49 жоба іске асырылды. Онда 1900-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды. 2017 жылы 37 млрд. теңгенi құрайтын 17 жобаны іске қосу көзделген. Есепті кезеңде құны 2,3 млрд. теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылды»,-деді басқарма басшысы.
Жалпы жылдың соңына дейін 34,7 млрд. теңгені құрайтын 12 жоба іске қосылады. Бүгінгі таңда іске қосылған жобалардың 94%-ы жоспарлық қуаттылықты игеріп, 71 млрд.теңгенің өнімін өндірді. Өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 21 пайызға жеткен.
Бұдан бөлек, Батырхан Құрмансейіт «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы инвестиция соммасы 34,3 млрд теңгені құрайтын 10 жоба жүзеге асырылғанын атап өтті. Яғни бұл кәсіпорындармен 22,7 млрд теңгеге өнім өндірілсе, өндірілген тауарлар Германия, Англия, Корея, Түркия, Ресей сынды 15-тен астам елдерге экспортталған. Аталған аймақта осы жылдың соңында жалпы инвестиция көлемі 2,6 млрд теңге құрайтын 3 жоба іске қосылады деп күтілуде.