Жылу маусымы кезінде Қазақстанда көмір бағасы бірден 7%-ға қымбаттаған. Бұл туралы EnergyProm сараптама агенттігі хабарлады. Сарапшылардың сөзінше, бағаның қымбаттауы бұдан кейін де жалғаса береді.
Бір жыл ішінде бағаның өсімі 19 пайызды құраған. Ескеретін жайт көмір мен лигнит өндіру 15 пайызға, оның ішінде жылу үшін өндірілетін тас көмір 16 пайызға көбейген.
2017 жылдың қыркүйек айындағы нәтиже бойынша жылу маусымы кезінде әрбір қазақстандық бір тонна көмір үшін орташа есеппен 11 мың теңге жұмсаған және бұл тамыз айына қарағанда 6,6 пайызға және 2016 жылдың қыркүйек айымен салыстырғанда 18,9 пайызға жоғары.
Ең жоғары баға Ақтөбе қаласында. Мұнда бір тонна көмір 14,5 мың теңгеден сатылады. Сондай-ақ, көмір қымбат қалалардың үштігіне Астана (14,2 мың теңге), Орал (14 мың теңге) кіреді.
Бұдан бұрын ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті Қазақстандағы көмір бағасының қымбаттауын делдалдардың айла-шарғыларымен және темір жол тарифтерінің қымбаттауымен түсіндірген.
Алайда Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда көмір тапшылығы жоқ. Себебі көмір өндіруші компаниялар осы жылдың 9 айында 75,3 млн тонна көмір өндіріп, ішкі нарыққа 55,8 млн тонна жеткізген, оның 40,5 млн тоннасы энергия өндіруші кәсіпорындарға жеткізілді. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке және халыққа 8,0 млн тонна берілген.
Айта кететін жайт, көмір шахталарындағы баға айтарлықтай қымбаттамаған. Мысалы, Сарыкөл көмір кенішінің директоры Қайрат Мусин "жыл басынан бері бір тонна көмірдің сатылу бағасы өзгермегенін және 3900 теңге болғанын" айтады. Көміршілердің сөзінше, күннің ерте суытуына байланысты делдалдар бағаны еш негізсіз көтерген.
Айта кетейік, қазан айы басталғалы бері Қазақстанда мұнай өнімдерінің тапшылығына қатысты даулар көбейіп, тіпті көмір тапшылығы да байқала бастады. Кейбір сарапшылар мұны манипуляциямен байланыстырып отыр.