Сауд Арабиясы королінің сарайына шабуыл жасалды – деп хабарлайды Reuters ақпарат агенттігі.
Агенттіктің мәліметінше, Джидда қаласында орналасқан Сауд Арабиясының королі Салман ибн Абдул-Азиз әл-Сауд сарайына «Калашников» автоматымен қаруланған адам шабуыл жасаған. Салдарынан екі күзетші көз жұмып, үшеуі жарақат алған. Король сарайына оқ жаудырған 28 жастағы Мансур бин Хассан әл-Америдің өзі де оқиға орынында оққа ұшқан.
Жергілікті құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұған дейін әл-Амери ешқандай экстремистік ұйымдардың қатарында болмаған. Бірақ оның мұндай қадамға не үшін барғаны әзірге белгісіз. Тексеру барысында оның денесінен қолдан жасалған екі жарылғыш зат пен Калашников автоматының оқ дәрілері табылған.
Естеріңізге салайық, Сауд Арабиясы королі бұған дейін қазан айының 5-7 күндері аралығында тұңғыш рет Ресейге іс-сапармен барған. Ол онда Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен. Осыдан кейін БАҚ беттерінде Сауд Арабиясы Ресейден С-400 әуе қорғанысы жүйесін сатып алуы мүмкін деген ақпарат тараған болатын.