Лас Вегастағы қанды оқиға себепкері Стивен Паддоктың жеке жазбасы табылды. 59 адам қаза тауып, 527 бейбіт тұрғын жараланған қылмыстық істі зерттеумен айналысып жатқан полиция қызметкерлерінің мәліметінше, қылмыскердің қонақ үйдегі бөлмесінен табылған жазбада 32-қабаттан халық жиналған алаңға бағытталған оқтың траекториясы мен қашықтығы есептелген. Бұл туралы CNN ақпараттық агенттігі жазды.
Араға бір апта салып, күн сайын қылмыстың жаңа қыры ашылып отырғанымен, қауіпсіздік қызметкерлері әлі де зейнеткерлік жасындағы бұрынғы есепшінің қандықол қылмыскерге айналуының себебі мен мотивін анықтай алмай отыр. CNN журналисі Wolf Blitzer зерттеу ісіне қатысы бар Kevin C. McMahill -мен болған сұхбатынан келесі қорытындылар жасаған:
- Стивен Паддоктың бөлмесінде барлығы жақсы екеніне көз жеткізу үшін көтерілген қонақ үйдің күзет қызметкері аяғынан жараланған.
- Стивен Паддоктың халықаралық террористік ұйымдармен байланысы расталмады.
- Қылмыскердің жалғыз болғаны күмән тудырмағанымен, қонақ үйде бөтен адам оның бөлмесінің кілтін пайдаланбағаны тексеріліп, оқиға болған жерде орнатылған барлық бейнекамералар қаралған. Стивен Паддоктың өзінен бөлек адамдармен кездескені не олардың қонақ үйге кіріп-шыққаны тіркелмеді. Оның көпшіліктің үстінен оқ жаудыру туралы жоспарынан ағасы мен азаматтық некедегі әйелі хабарсыз болып шықты.
Стивен Паддок халықтың үстінен оқ жаудырмас бұрын, күзетшіні жаралаған. Күзетші кешкі сағат 21:59 кезінде атылса, халыққа қарсы жасалған қылмыс 22:01-де басталып, 10 минут бойы жалғасқан. Полицияның жауап таба алмай отырғаны - "Паддоктың оқ атуды бірден тоқтатуына не себеп болды?" деген сауал. Лас Вегастың полиция офицері Дэвид Ньютон CBS арнасындағы "60 минут" бағдарламасында қонақта болып, қылмыскердің алдын ала құрған жоспарында "қашып кету" деген бөлім болған деп жорамалдады. Он минуттық шабуылдан соң, оқ атуды доғарған қылмыскердің көлігінен табылған жарылғыш заттар оның "тағы бірнеше орында қанды оқиға жасау туралы ойы болған" деген болжамға алып келеді.