Осы аптада әлем және елімізде болған елеулі оқиғалар. Қоғамда қызу талқыланған саяси шиеленістер мен шешімдер. Дүниежүзі назарын өзіне аудартқан террорлық шабуылдар мен әскери іс-әрекеттер. Бүгін біз осы апта яғни қыркүйектің 25-і мен 30-ы күндері аралығында болған оқиғаларға қысқаша тоқталатын боламыз.
Осы апта қыркүйектің 25-і күні әлем жұртшылығының назарын өзіне аудартқан Ирак Күрдістанының тәуелсіздік алуға байланысты өткізген референдумымен басталды. Аталмыш референдумға Күрдістан халқының 72 пайызы қатысты. Бірақ Ирак Күрдістанының референдум өткізуіне Иран, Түркия, АҚШ, Ұлыбритания сынды мемлекеттер өздерінің қарсы екендіктерін білдірді. Тіпті Түркия Ирак Күрдістанымен арадағы шекарасын жауып тастады да, ел президенті Режеп Тайып Ердоған: «Егерде Ирак Күрдістаны тәуелсіздігін жариялайтын болса, онда күрд халқы аш қалатын болады» - деп мәлімеді. Таяу Шығыс осылай дүрлігіп жатқанда Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен Сүрия мәселесіне байланысты телефон арқылы сөйлесті. Екі ел басшылары Сүрия дағдарысына байланысты Астана келісімінің маңыздылығы мен алдағы уақытта осы мәселе бойынша Қазақстан тарапының модераторлық қызметі жайында сөз қозғады. Ал Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин бармай қалған БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында, дәл осы аптада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның күрд халқына қарата айтқан сөзінен кем түспейтін сөз сөйленді. Ол жерде соңғы айларда дүниежүзін дүр сілкіндірген Мьянма елінің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Хау До Суан: «Мьянмада рохинджа мұсылмандарына ешқандай геноцид жасалған жоқ» - деп мәлімдеді.
Ал әлемнің екінші бір шетінде Жапония парламентінің мерзімінен бұрын таратылуына байланысты ел премьер-министрі Шинзо Абэ: «Ел билігі бұндай шешімге Солтүстік Корея тарапынан төнеген қауіптен кейін барды» - деді. Бірақ оған Жапония оппозиция өкілдері өз қарсылықтарын білдірді. Ал Грузия парламенті бұл аптада ел конституциясын өзгертуге қарсы болған жоқ. Ел парламентінің осы аптада қабылдаған жаңа конституциясы бойынша, ресми Тблиси 2018 жылдан бастап праламенттік басқару жүйесіне ауысатын болады. Әлемнің дамыған мемлекеттерінің бірі саналатын Жапония мен соңғы жылдары басынан сан түрлі соғыс пен революцияны өткізген Грузия осылайша басқару жүйелеріне таңдау жасаса, қыркүйектің 27-і күні Ирак «үй ішінен үй тігіп» жатқан Күрдістанға референдумнан кейін ультиматум қойды. Ресми Бағдад Күрдістан билігіне өз иелігіндегі әуежайлар мен шекара бекеттерін Иракқа қайтарып беруді талап етті. Олай етпеген жағдайда Күрдістанды сырт елдермен байланыстыратын әуе рейстерінен ажырататынын айтты. Бірақ Күрдістан билігі ресми Бағдадтың бұл қоқан-лоқысына пысқырыпта қараған жоқ. Қыркүйектің 28-і күні референдум қорытындысын жариялады. Референдім нәтижесі бойынша, аймақ халқының 92,7 пайызы дербес ел болғысы келетіндерін білдіріп дауыс берген. Бұл осы аптада "Qazaq Times" сайты журналистерінің назарына іліккен жаңалықтардың бір бөлігі ғана. Егерде осы аптадағы Қазақстан экономикасында болған маңызды жаңалықтарға шолуды оқығыңыз келсе сілтемені басыңыз.