Алматыда қалалықтарға арналған «Open Almaty» атты қоғамдық қабылдау орны ашылды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімдіктің мәліметінше, «Open Almaty» – Алматы әкімдігінің түрлі өмірлік жағдайларды шешу және тұрғындарға қызмет көрсету жөніндегі жаңа жобасы.
"Қоғамдық қабылдауға келген әрбір жанға тиісті кеңес беріледі және олар әкімдікке, қала басқармаларына, прокуратураға, полицияға, мемлекеттік кіріс департаментіне және басқаларға жолданған өз өтініштерін қалдыра алады", - делінген баспасөз хабарламасында.
Жаңа қалалық сервис арқылы қаланың әрбір тұрғыны немесе қонағы түрлі қызметке қатысты өз ұсынысы мен шағымын қаланың қоғамдық қабылдауына open-almaty.kz интернет- порталы немесе 1308 нөмірі бойынша жібере алады. «Open Almaty» порталы бойынша түрлі өмірлік жағдайларды шешу алгоритмімен қоса қаланың коммуналды қызмет көрсету орындарының (жол, арық, жылу жүйесін, аула және басқаларын жөндеу) жұмыстарымен танысып, байланыса алады.
Қоғамдық қабылдаудың фронт-офисінде қаланың барлық аудандарының, тұрғын үй, жұмыспен қамту және әлеуметтік қызмет, жолаушылар көлігі, табиғи ресурстар мен архитектура басқармаларының, қалалық прокуратура, полиция, мемлекеттік кіріс департаментінің, ТЖД-нің, ХҚКО-ның, кәсіпкерлердің Ұлттық палатасының өкілдері, медиаторлар қызмет көрсетеді.Басқармалар басшылары қоғамдық қабылдаулар өткізіп, қалалық түрлі бастамаларды таныстыра алады.
Жаңа сервистің жұмыс кестесі қала тұрғындарының жұмыс уақытын ескере отырып жасалған, қызмет көрсету уақыттары жай күндері сағат 8.00 ден 20.00-ге дейін, сенбі күндері сағат 10.00 нан 17.00-ге дейіін. Қабылдау орны Байзақов көшесі, 280 (Сәтпаев көшесінің қиылысы) «Алматы Тауэрс» орталығында орналасқан.