Техас губернаторы Грег Эбботтың айтуынша, "Харви" дауылының салдарын жою үшін 180 миллиард доллар қажет. Бұл туралы BBC агенттігіне сілтеме жасап, RNS сайты хабарлады.
Грег Эбботттың сөзінше, Харви дауылынан келген шығын 2005 жылы Нью-Орлеанға "Катрина" дауылы келтірген шығыннан да көп.
Ал төтенше жағдайларды басқару жөніндегі федералдық агенттіктің басшысы Брок Лонг болса су тасқынынан зардап шеккен Техас тұрғындарына "шығындар толық федералды бюджет есебінен төленбейтінін" айтты.
Сондай-ақ, телерадио кешені Техас пен Луизианадағы ағын сулар толық сіңбестен, елді мекендерді қайта қалпына келтіру жұмыстары басталып кеткенін хабарлады.
АҚШ президентінің баспасөз хатшысы Сара Сандерс Дональд Трамптың жеке қаражаттарынан Техас штатына 1 млн доллар бөлетінін хабарлаған. Сонымен қатар, Сара Сандерс Дональд Трамптың дауылдың эпицентрі болған Техас пен Луизианаға екінші рет бару жоспары бар екенін айтқан.
Харви дауылынан қаза тапқан адамдардың саны 39-ға жетті.
Айта кетейік, бұған дейін кейбір сарапшылар Техас штатындағы Харви дауылынан келген шығын 100 млрд доллар шамасында болуы мүмкін деп болжаған. Шығын көлемінің мұндай болатыны туралы алғаш пікір білдірген - Imperial Capital банкінің сақтандырушы сарапшысы Дэвид Хэйвенс. Ал Enki Research компаниясының сарапшысы Чака Уотсона шығын 30 млрд доллар болады деп есептеген еді.