Солтүстік Кореяны билеп тұрған Ким әулеті өзінің сыр-құпияларын елдің іші-сыртынан жасырып-жауып келеді. Солтүстік Кореяның өзінде де бұл әулетті бүге-шігесіне дейін білетін адамдар көп емес. Айталық, КХДР-ның ең жоғары басшысы Ким Жоң Ун (Ким Чен Ын/Kim Jong Un) бұрынғы билеуші Ким Жоң Илдің (Ким Чен Ыр/Kim Jong Il) баласы болып, тек қана Ким Жоң Илдің қайтыс болуынан бір жыл бұрын ғана жұрт көзіне түскен болатын. Жасырын деректерде Ким Жоң Ун басқа ат пайдаланып Еуропа елдерінде білім алған деп те айтылады. BBC-дің онлайн қызметі Ким әулеті туралы бір қатар тың деректерді жария етті.

Ким Жоң Ун жасырын атпен Еуропада оқыған деген деректер бар. Фото: The Chosun Ilbo.

2010 жылдың қыркүйек айындағы Ким Жоң Ун Солтүстік Кореяның сол кездегі лидерінің ұлы, әрі ел билігінің мұрагері ретінде жұрт алдына шықты. Оның балалық шағы туралы анық дерек жоқ. Тіпті туылған күні де белгісіз. 1983 немесе 1984 жылы дүниеге келген деген болжамдар ғана. Оның атасы Ким Ир Сан отбасы мүшелерімен ел аралауға, отбасы естелік суреттеріне түсуге теріс қарамаған. Бірақ, оның ұлы Ким Жоң Ил сыр сақтағыш билеуші болды. Оның кемінде төрт әйелі болған деген деректер кездеседі. Олардан үш ұл бір қызға әке болған.

Ким Жоң Унның алғаш жұрт алдына шыққан кезі. Фото: cnn.co.jp.

Соның кішісі Ким Жоң Ун. Ким Жоң Ил қаза болардың алдында оның тақ мұрагер болатыны, мираскерлердің арасында талдаулар болатыны туралы ешбір мәлімдеме жасалмады. Бірақ, Ким Жоң Ил қаза болғаннан кейін ел билігіне Ким Жоң Ун келді. Алайда, Ким Жоң Илдің балалары арасында күрделі таққа талас болғаны ақпан айында Ким Жоң Намның (Ким Чен Нам) өлімінен кейін ғана белгілі болды. Малайзияның орталық қаласында әуе жайда өлтірілген Ким Жоң Нам, қазіргі КХДР билеушісінің бір әке екі шешеден туған ағасы болып саналады. Ал, осыдан кейін көп өтпей ғаламторда өзін қаза тапқан Ким Жоң Намның баласымын деп аталған Ким Хан Соль есімді жігіттің видеосы тарады. Бұл Солтүстік Кореяны билеуші әулеттің ішіндегі билік таласының күшті екенін айғақтады.

Ағайынды Кимдер. Фото: Daily Star.

Өткен жылдың соңынан бері жұрт көзіне түспей кеткен, Ким Жоң Унның жұбайы Ли Соль Жу (Lee Seol-ju/리설주/李雪主;) сәуір айында үшінші баласын дүниеге әкелген. Ким Жоң Унның қанша баласы бар және олардың ұл немесе қыз  екені туралы анық мәлімет таратылмаған. Дегенмен, билеуші Кимнің бірден бір шетелдік қонағы болған Деннис Родман оның екінші баласы Ким Жу Э есімді қыз екенін айтқан еді.

Ким Жоң Ун және әйелі Ли Соль Жу. Фото: asian-sirens.net.

Ли Соль Жу туралы ешбір анық дерек жоқ. Бір мәліметтерде оның әнші болғанын айтады. Концерте ән айтып тұрған кезінде Ким Жоң Унның көзіне түссе керек. Ал оның үш баланы дүниеге әкелгені туралы, тек қана, оның көпшілік алдына шыққан және көрінбей кеткен кездері арқылы болжанып отыр.

Ким Жоң Ун таққа отырып, жұрт алдына шыққан кезде оның жанында болған жап-жас әйелдің кім екені туралы әлем елдерінің ақпарат көздері таласа-тармаса іздене бастады. Сол кезде Пиоңяң (Пхеньян) мәлімет беріп, Ли Соль Жудың ең жоғары басшы Ким Жоң Унның жұбайы екенін, ол екеуінің жас лидер таққа отырудан үш жыл бұрын некеге тұрғаны туралы мәлімет тарады. Сонымен бірге ең жоғары басшының жарына елдегі жаңашыл және еркін тәртіпті қадағалау міндеті жүктелген.

Осының бәрі жас көшбасшының либералдық және орталықшыл көзқарастағы басқаруды қолға алады деп үміттендірген. Алайда соңғы кездегі КХДР-ның арт-артынан өткізген зымыран сынақтары бұл елдің сыртпен болған қарым қатынасын тарихтағы ең күрделі де шиеленіске толы күйге жеткізіп қойды.

Десе де, осы елді билеген Ким әулетін кімдер мұнша сырлы күйде ұстап отыр деген сұраққа ешкім жауап бере алмайды. Тіпті кейбір елдің, әсіресе орыс басылымдары, Ким әулетімен АҚШ арасында құпия келісім бар деп айтуға құмар. Бірақ, Путин билік басына келу қарсаңында Солтүстік Кореяға сапармен барып, сол кездегі билеуші Ким Жоң Илдің қызу қарсы алуына бөленіп еді. Күллі Пиоңяң тұрғындарын көшеге алып шыққан бұл қарсы алу, Кеңес басшыларының да, Ресей президенттерінің де еш қайсысына бұйырмаған қошамет болатын. Ал, АҚШ пен кейбір батыс басылымдарында Ким әулетінің артқы тірегі ретінде Ресей мен Қытайды алға тартатыны да содан болса керек-ті.

“The Qazaq Times”