Бүгін таңертең миллиондаған жапондықтар өздеріне қарсы баллистикалық зымыран атылғаны туралы суыт хабарламадан оянды. Зымыранның траекториясында орналасқан елдің солтүстік бөлігінде дабыл ойнап, жергілікті тұрғындарға жертөлелер мен жабық орындарға жасырынуға бұйрық берілді. Бұл туралы жапондықтармен тілдескен APF ақпараттық агенттігінің журналистері жазды.
Солтүстік Корея аумағынан таңғы 05:57 шамасында ұшырылған зымыран Жапония территориясының аспанында 2 минуттай болып, Тынық мұхитына құлаған. Жергілікті тұрғындарға бір мезетте зымыран қаупін ескерткен хабарлама келіп, алаңсыз ұйқыдағы халықты әбігерге салды.
Таңғы пойызға жолға шыққан жапондықтар ескерту белгілері мен көлік қозғалысы тоқтатылғаны жөнінде хабарламаға кезікті. Жолаушы тасымалымен айналысатын пойыздардың бірі өз қызметінің тоқтатылуы "баллистикалық зымыранның ұшырылуынан" деп анық әрі дәл көрсеткен. Билік өкілдері халыққа: "Түсініксіз қалдықтар мен заттарға тап болсаңыздар, қолмен ұстап не жақын бармаңыздар! Дереу полиция қызметкерлері мен өрт сөндірушілерге қоңырау шалыңыздар!", - деп ескертті.
АҚШ-тың жақын одақтасы Жапонияға қарсы атылған зымыран Солтүстік Кореяның жаппай қарулану саясатына қатысты мақсаттарынан бас тартпайтынын тағы бір дәлелдеп, арал тұрғындары үшін жаңа қауіп төндірді.
Жапонияда барлық төтенше жағдайларға арналған оқу-жаттығулары жиі ұйымдастырылып, жергілікті халық үнемі дайын жүргенімен, бүгінгі жағдай жапондықтардың көңіліне күдік пен қорқыныш ұялатты.
68 жастағы бұрынғы мемлекеттік қызметкер Йошиаки Накане: "Бұл жағдай АҚШ пен Солтүстік Кореяның онсыз да қиын қарым-қатынасын одан әрі шиеленістіріп жібереді ме деп қауіптенем", - деді.
Солтүстік Корея осыдан бұрын 2009 жылы Жапонияға қарсы зымыран ұшырған кезде, оны жер серігіне байланысты қателіктен, оқыстан болған жағдай деп түсіндірген. Алайда, АҚШ пен Оңтүстік Корея және Жапония билігі мұны ядролық қарудың астыртын сынамасы деп жорыған болатын.