Ұлыбритания үкіметі жариялаған жаңа деректерге қарағанда, наурыз айынан бері, Еуропа Одағына мүше елдерден Ұлыбританияға қоныс аударушылар саны таңқаларлық деңгейде қысқарып кеткен. Бұл фунттың әлсіреуінен және өткен жылы Ұлыбританиядағы референдум себебінен ЕО тұрғындарының Ұлыбританияға көшуді қаламай қалғанын көрсетті. Бұл туралы танымал «The Wall Street Journal» басылымы хабарлап отыр.
Ұлыбританияның Ұлттық статистика бюросы көрсеткен деректер бойынша, наурыз айының соңынан бері Еуропалық Одақтан Ұлыбританияға келетін жаңа иммигранттар саны 7% -ға азайған. Бұл, нақтылап айтсақ, 248 мың адамды көрсетеді.
Британ Ұлттық статистика бюросының хабарына қарар болсақ, жоғарыдағымен ұқсас мезгілде Ұлыбританиядан ЕО-ға шыққан тұрғындарының саны керісінше 37 пайызға, яғни 122 мың адамға көбейген. Бұл соңғы 30 жылдан бері кездеспеген көрсеткіш болып саналады екен.
Қорыта айтқанда Ұлыбританияға көші-қон саны 246 мың адамға дейін төмендеді. Ел үкіметі бұл жағдайдың алдын алудың әзірге қиын екенін мойындап отыр. Өткен жылы референдум кезінде де иммиграция мәселесінің күшейіп кететіні туралы үкіметтегілер алаңдаушылығын білдірген. Олар бұл үрдістің ұзақ уақыт жалғасуы Ұлыбритания демографиясына әсер етіп қана қоймай, қаржының шетке ағылуын тудыра ма деп алаңдайды.