Йемен билігі Иранды елде азамат соғысының отын тұтандырып отыр деп айыптады.
Йемен сыртқы істер министрі Абдулмәлік әл-Мехлафи журналистер алдында сөйлеген сөзінде: «Иран Хути қозғалысындағы шиит бүлікшілерін қолдау арқылы Йеменде азамат соғысының отын тұтандырып отыр. Йемен Ирансыз-ақ өзінің ішкі мәселелерін шеше алады» - деген.
Бұған дейін Сауд Арабиясының Біріккен Ұлттар Ұйымындағы елшісі Абдаллах әл-Муалимом Теһранды (Тегеранды) «Йемен аумағындағы Хути қозғалысын қару-жарақпен қамтамасыз етіп отыр» деп айыптаған болатын. Иран өз кезегінде Сауд Арабиясы мен Йемен тарапынан жасалған бұл айыптауларды негізсіз деп, өзінің Хути қозғалысына ешқандай қатысы жоқ екендігін айтқан еді.
Естеріңізге салайық, Йеменде ел билігі мен Хути шиит бүлікшілері арасындағы соғыс 2014 жылдың қыркүйек айынан бері жалғасып келеді.