ҚР Денсаулық сақтау министрлігі осы жылдың соңына дейін барлық дәрілік заттарға бағаны реттеу жүйесін енгізуі қажет. Яғни министрліктің нормативтік құқықтық актілері (НҚА) қабылданғаннан кейін дәрілік заттардың бағалары реттеледі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Қазіргі уақытта барлық дәрілік заттарға шектеулі баға қалыптастыру әдісі жасақталды. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» ҚР Кодексі мен ҚР Кәсіпкерлік кодексіне Министрлікке барлық дәрілік заттардың бағасын реттеу құзыретін беру бөлігінде тиісті өзгерістер енгізіледі. Заң жобасын әзірлеу жөнінде жұмыс тобы құрылды, Жол картасы бекітілді және тұжырымдама әзірленіп, НҚА сайтта ашық талқылауға ұсынылды, сондай-ақ, тіркелген НҚА «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына келісуге жіберілді", - делінген баспасөз хабарламасында.
Бұдан бөлек ведомство алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) көрсететін медициналық қызметкерлердің жұмыстарын жеңілдету үшін есептік және есепке алу нысандары 30 пайызға азайтылғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, 2015 жылы теңге еркін айналымға жіберілгеннен кейін дәрі-дәрмектің бағасы 30 пайызға дейін қымбаттаған. Осыдан кейін Үкімет дәрі бағасын реттеу жұмыстарын қолға ала бастады.