«Егер Украинаның Солтүстік Кореяға зымыран құрастыру технологияларын бергені жайындағы мәлімет расталатын болса, онда Украинаны «апат» күтіп тұр» - деп жазды елдің бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенко өзінің Facebook парақшасында.
Тимошенконың сөзінше, Біріккен Ұлттар Ұйымының қарары бойынша, Пиоңяңға (Пхеньянға) қандайда бір қару сатуға тыйым салынған. Егерде Украинының Солтүстік Кореяға қару-жарақ бергені расталатын болса, онда Украинаға санкция салынуы мүмкін. Бұл дегеніміз Украина сырттан келетін көмектің барлығынан айырылады деген сөз.
Бұған дейін Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Александр Турчинов: «Украина әскери-өндіріс кешені Солтүстік Кореяға ешқандай қару-жарақ тасымалдаған жоқ» - деп мәлімдеген еді.
Естеріңізге салайық, бұдан біраз уақыт бұрын The New York Times басылымы АҚШ-тың International Institute for Strategic Studies құпия барлау орталығының сарапшысы Майкл Эллеманға сілтеме жасап, «Солтүстік Корея өзінің зымырандарына украиналық «Южмаш» кешені құрастырған қозғалтқыштарды пайдалануы мүмкін» деген ақпарат таратқан болатын.