Жол бойындағы сервистік қызметтер мен инфрақұрылымдық нысандардың талапқа сай болуы зор маңызға ие. Бұл жөнінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіндегі жол құрылысының барысымен танысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Жол бойындағы инфроқұрылымдық нысандарды халықаралық талапқа сай етіп салуымыз керек. Сонда өңірімізге туристер көбейетін болады», - дейді облыс әкімі.
Сондай-ақ әкім, бірнеше мың шақырымды артқа тастап шығатын жолаушылар үшін ыңғайлы болу мақсатында аталған жол бойына бекеттер салуды тапсырды. Яғни, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолында болашақта жанармай құятын бекеттер мен дүкендер, асханалар, тіпті шағын мотельдер де бой көтеретін болады.
Халықаралық маңыздағы жолдардың біршама бөлігінің сапасыз не болмаса жолаушылар үшін ыңғайсыз жасалғанына тоқталған Ж.Түймебаев шетелдік мердігер мекемелердің басшыларына жолды ретке келтіру жұмыстарын 1 қыркүйектен кешіктірмеуді тапсырды.
Айта кетейік, халықаралық көлік дәлізі Оңтүстік өңіріндегі барлық елді мекендердің 70 пайызын кесіп өтеді. Облыс бойынша республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы 837 шақырымды құрайды, оның ішінде «Батыс Еуропа –Батыс Қытай» транзиттік дәлізі құрылысы үш бағытта 420 шақырымды алып жатыр.