Тәжікстан Ішкі істер министрлігі Иранды террористерді қаржыландырып, 1992-1997 жылдары елдегі белгілі саясаткерлерді өлтірді деп айыптады.
Тәжікстан ІІМ тамыздың 8-і күні мемлекеттік телеарналардың бірінен 1992-1997 жылдары елде болған азамат соғысы кезінде Иран террористерді қаржыландыру арқылы белгілі саясаткерлер, журналистер мен ғалымдарды өлтірткен деген мазмұндағы деректі фильм көрсеткен. 45 минуттық деректі фильмде Тәжікстан қорғаныс министрінің экс-орынбасары Абдулхалим Назарзоданың тапсырмасымен адам өлтірген Тагоймурад Ашрапов, Абдукодыр Абдуллаев және Саймухриддин Курдратов есімді үш азамат сөйлеген.
Олар 1999 жылы Тәжікстан жоғары кеңесінің спикері болған Сафарәлі Кенжаевті, сол кездегі белгілі журналист, саясаткер Отахон Латифиді, белгілі ғалымдар Мухаммад Осими, Юсуф Исхаки, Минходжа Гулямованы, президент кеңесшісі Кәрім Юлдашевты және белгілі жазушы Сайф Рахим Афардиді 2 мың доллар ақша үшін Назарзоданың тапсырмасы бойынша өлтіргендерін мойындаған.
Бұдан бөлек фильмде Тагоймурад Ашрапов есімді азамат 1995 жылы Иранның Құм және Горган қалаларында әскери дайындықтан өткенін, екі жылдан кейін Тәжікстанға жоғарыда аталған саясаткерлер мен елге танымал азаматтарды өлтіру үшін қайтып оралғанын айтқан. Бірақ деректі фильмде көрсетілген тергеу видеолары қай уақытта түсірілгені айтылмаған.
Қазіргі таңда Иран мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынас ең ауыр кезеңді басынан өткеруде. Екі ел арасы 2013 жылы Иранда белгілі олигарх Бабак Занджани тұтқындалғаннан кейін бұзылған болатын. Сол уақытта Иран құқық қорғау органдары Занджаниге Тәжікстан экономикасына 2 миллиард доллар Иран қаржысын салды деп айыптаған еді. Бірақ Тәжікстан тарапы Тегеранның бұл айыптауын негізсіз деп мәлімдеген. Алайда Душанбенің айтқан уәжіне қарамастан Иран билігі Занджаниді өлім жазасына кескен болатын. Бұдан кейін Иран мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынас 2015 жылы Тегеран билігі Тәжікстанда террористік ұйым деп танылған «Тәжікстан ислам жаңғыруы партиясының» басшысы Мухиддин Кабириді ресми түрде қабылдағаннан кейін тіпті қиындаған еді.