Ирак, Біріккен Араб Әмірлігі, Қазақстан және Малайзия ОПЕК және оған мүше емес елдердің мұнай көлемін қысқарту туралы келісімі аясындағы міндеттемелерді алдағы айларда толық орындауға дайын екендерін нақтылады. Бұл жөнінде картель келісімдердің жүзеге асырылуын бақылайтын техникалық комитетінің кезектен тыс отырысының нәтижесінде хабарланған.
Аталған елдер комитетке мұнай нарығын дамытудың және оны қалпына келтіруге қатысты өз көзқарастарын ұсынған. Сондай-ақ олар бекітілген мониторинг механизмінен айнымайтындарын жеткізген.
Баспасөз хабарламасында жазылғандай, отырыстың қорытындысы енді 21 тамызда Венада өтетін кезектен тыс кездесу кезінде талқыланады.
Айта кетейік, 2016 жылдың 30 қарашасында ОПЕК нарықтағы артық мұнай қорын төмендету және мұнай нарығында тұрақтылықты қалыптастыру мақсатында 14 елге мұнай өндірісін тәулігіне 35,2 млн баррель шамасында қалдыру туралы квота тағайындаған. Бұл келісім 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Кейінірек ОПЕК пен оған мүше емес елдері мұнай өндірісін қысқартуға келісті. ОПЕК-тің квотасы тәулігіне 1,2 баррель, ОПЕК-ке мүше емес елдердікі тәулігіне 558 мың баррельді құрады.
Алайда жыл басынан бері келісімнің орындалуы төменгі көрсеткіш көрсеткен. Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметінше, ОПЕК елдері келісімді 78 пайызға, ал картельге мүше емес елдер 82 пайызға орындаған.
Мысалы Ирак маусым айында келісімді тек 28 пайызға орындаған. Мемлекет тіпті өткен жарты жылда да өндірісті тәулігіне 210 мың баррельге қысқарту туралы кквотаны бақылауға алмаған. Ал Біріккен Араб Әмірлігі болса 139 мың баррель қысқарту керек еді, алайда келісім күшіне енгеннен бері келісімді 100 пайызға толық орындамаған.