Солтүстік Корея АҚШ-ты БҰҰ енгізген санкцияларына бастамашы болғаны үшін "жауап беретін" жағдайға жеткізуге уәде берді.

Пиоңяңның (Пхеньян) ресми KCNA ақпараттық агенттігі сенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерімен бірауыздан қабылданған шешімді "Солтүстік Кореяның тәуелсіздігіне зорлықпен қол сұғу" деп қабылдады. Осыдан алдын, аталған ақпарат құралы "КХДР АҚШ-тың төндіріп отырған қаупі сейілмейінше, өз қаруынан бас тартып, келіссөздер үстеліне отырмайды", - деп мәлімдеген болатын. Бұл ойды Филиппинде өткен форумда сұхбат берген Солтүстік Кореяның өкілі Банг Кван Хюк та мақұлдап: "Корей жартытүбегіндегі жағдайдың ушығуы мен әлемде ядролық қару мәселесінің туындауына АҚШ кінәлі", - деп жауап қатты.

Солтүстік Кореяның соңғы уақытта жиі құрлықаралық баллистикалық зымырандар сынағын өткізуіне байланысты БҰҰ оған қарсы қабылдаған санкцияларды бірауыздан мақұлдаған мемлекеттер енді 90 күн ішінде аталған резолюцияны қалай айналымға енгізетіні жөнінде есеп беруі керек. Жаңа экономикалық шектеулер КХДР экспортын 1/3-ге қысқартады. Қабылданған резолюцияға сәйкес, мемлекеттерге Солтүстік Кореядан теңіз өнімдерін, көмір мен темір рудаларын сатып алуға тыйым салынады. Сондай-ақ, Корея азаматтарын жұмысқа алуға, елге кіргізуге, ортақ кәсіпкерлік жобаларды бастауға не жүзеге асып қойған өндіріс орындарына инвестиция салуға рұқсат етілмейді.

Бұрын Солтүстік Кореяға қатысты позициясын нақтыламай келген Қытай мен Ресей де БҰҰ ұсынған санкцияларды қабылдап, Оңтүстік Корея мен АҚШ-ты Корей жартытүбегіндегі әскери жаттығуларын тоқтатуға шақырды.

Манилада өткен Оңтүстік-шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының саммитінде Оңтүстік Корея мен КХДР сыртқы істер министрлері кездесіп, қысқа сөйлесті. Кейіннен, Оңтүстік Кореяның өкілі Солтүстік Корея келіссөздерге келуден бас тартқанын жеткізді.

 

“The Qazaq Times”