АҚШ Конгресі Ресеймен арадағы зымыран келісімінің күшін жоюы мүмкін, деп хабарлайды Politico басылымы.
Politico мәліметінше, қазіргі таңда АҚШ Конгресінде Пентагонға Рейган мен Горбачев арасындағы келісімін айналып өтіп, зымыран құрастыруға рұқсат беру мәселесі қызу талқылануда. Конгресс мүшелерінің көпшілігінің ойынша, Ресей бұл келісімді баяғыда бұзып қойған. Осыған байланысты Конгресс Пентагонға алдағы уақытта ядролық оқтұмсықсыз зымырандар жасауға рұқсат беруі тиіс. Оларға қарсы тарапатың сөзінше, Конгрестің бұндай шешімі екі елдің ядролық қақтығысына алып келуі мүмкін. Өйткені қазір Ресей мен АҚШ қарым-қатынасы өте төмен дәрежеде.
Егерде бұл бастама Конгресте көпшіліктің қолдауын алатын болса, онда АҚШ үкіметі Пентагонға орта қашықтықтағы зымыран жасауға бастапқыда 65 миллион доллар қаржы бөлетін болады.
Айта кетейік, 1987 жылы сол кездегі Кеңестер одағының басшысы Горбачев пен АҚШ президенті Рейган орта және қысқа қашықтықтағы зымырандардың көзін жоюға байланысты келісімге қол қойған болатын.