АҚШ Үкіметі "Exxon Mobil" мұнай концернін Ресейге салынған санкцияларға қарамастан, "Роснефть" компаниясының басшысы Игор Сечинмен келісімшарт жасасқаны үшін айыптап, 2 млн доллар көлемінде айыппұл салды. Мұнай концерні аталған айыптаулармен келіспей, АҚШ Үкіметіне қарсы Сотқа шағым түсірді. Бұл туралы New York Times газеті жазады.
Өткен жылғы табысы 7, 84 млрд долларды құраған "Exxon Mobil" компаниясы үшін 2 млн доллар айыппұлды төлеу қиынға соқпайтыны анық. Дегенмен бұл дауда жеңіске жету компанияның беделі үшін маңызды болып отыр.
2014 жылы АҚШ Үкіметі Ресейдің Қырымды аннекциялауына байланысты оған қарсы бірқатар экономикалық және дипломатиялық санкциялар енгізген болатын. Ресей азаматтарының есімдері қамтылған қара тізімде "Роснефть" компаниясының басшысы Игорь Сечин де болған. АҚШ-тың Қаржы министрлігінің шет елдік активтерді бақылау басқармасының мәліметінше, "Exxon Mobil" компаниясы 2014 жылдың 14-23 мамыры аралығында Игорь Сечинмен 8 құжатқа қол қойған.
"Exxon Mobil" компаниясы өз мәлімдемесінде, Игорь Сечин қара тізімде тек физикалық тұлға есебінде болды, және аталған санкция бұл жағдайда оның жеке активтеріне ғана қолданылуы керек, ал компаниямен келіссөз жүргізу шектеулерден тыс нәрсе деп есептейді. Олардың айтуынша, сол кездегі Барак Обаманың әкімшілігі дәл осындай түсіндірме берген.
Бұл шиеленістің тағы бір қызық тұсы, "Роснефть" компаниясымен даулы келісімшарттар жасалған тұста, "Exxon Mobil" мұнай концернін АҚШ-тың қазіргі мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон басқарған. Дональд Трамптың әкімшілігі мемлекеттік хатшының бұрынғы "қателіктері" туралы әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ.