Америкалық Boston Globe басылымы US News and World Report рейтингін жариялады. Мұнда иммигранттар үшін ең үздік мемлекеттердің тізімі жазылған.
Сонымен басылымның мәліметінше, Қазақстан иммигранттар үшін үздік мемлекеттер қатарында 46 орынды иеленген. Сондай-ақ, рейтингте тек үздік мемлекеттер ғана емес, нашар мемлекеттердің де тізімі жарияланған. Басылым Америка туралы "АҚШ иммигранттар үшін үздік елдер қатарында бар болғаны 7 орынды иеленді"деп жазған.
US News and World Report рейтингінде 80 елдің экономикалық тұрақтылығы, табысының тепе-теңдігі, еңбек нарығы және бизнес-көшбасшылар мен элита мүшелерінің берген есептері негізге алынған. Зерттеу жұмысының авторлары Дүниежүзілік банк пен БҰҰ-ның миграция саласындағы ақпараттарын қолданған.
Зерттеу бойынша иммигранттар үшін ең үздік ел Швеция болды. Алғашқы ондыққка Канада, Швейцария, Австралия, Германия, Норвегия, АҚШ, Нидерланды, Финляндия және Дания кірген. Постсоветтік елдер арасында Ресей (24 орын), Украина (31 орын), Беларусь (38 орын), Қазақстан (46 орын), Латвия (56 орын) және Әзербайжан (61 орын) бар.
Қазақстан рейтинг бойынша Венгрия, Хорватия және Чехия сынды еуропалық елдердің алдына шыққан.
Қазақстанның мұндай рейтингте болғаны дұрыс шығар. Алайда иммигранттардың елімізде көп болуы қазақстандықтар арасында жұмыссыздықтың көбеюіне алып келері сөзсіз. Еңбек нарығында теңсіздіктің қалыптасуына әсер етеді.