2017 жылдың 6 айы бойынша Қазақстанның жолдарында 7127 жол-көлік оқиғасы (ЖКО) болып, 9992 адам зардап шекті, 738-і қаза тапты. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті хабарлайды.
Комитеттің мәліметінше, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ЖКО 10,7%-ға, зардап шеккендердің 10,3%-ға, қаза тапқандардың 20,5%-ға төмендеуі байқалады.
Ең көп ЖКО Алматы қаласы, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында болған.
Адам өлімі бойынша Алматы облысы алда тұр, мұнда 162 адам жол апатында қаза тапқан. Бірінші жартылдық бойынша ең үлкен жол-көлік оқиғасы Ақтөбе облысында болды, онда 16 адам зардап шегіп, оның 9-ы қаза тапқан.
«Апаттылық картасы» көрсеткендей, Қазақстанда Алматы қаласындағы Жандосов пен Манас көшелерінің қиылысы жол апаты ең көп орын алатын жер болып табылады, онда 9 ЖКО орын алып, 10 адам зардап шеккен.