Венгрия Үкіметінің бастамасымен елде жүріп жатқан америкалық қаржыгер және филантроп Джордж Соросқа қарсы кампания әлемдік қауымдастық тарапынан қатаң сынға ілініп отыр. Будапешт пен Венгрияның өзге қалаларында қоғамдық орындарға ілінген 86 жастағы Джордж Соростың күліп тұрған суретінің үстіне "Оған соңғы болып күлуге мүмкіндік бермеңдер!" деп жазылған.
Жексенбі күні "Вместе" деп аталатын оппозициялық партияның белсенділері Будапешт көшелеріндегі Соростың плакаттарын алып тастады. Олар бұл іс-әрекетін елдің өзге қалаларында да жалғастырмақ.
Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан Джордж Соросты іс-әрекеттері мен көзқарастары арқылы Еуропаға келетін мигранттар ағымын ұлғайтып отыр деп айыптаса, америкалық қаржыгер Үкімет басшысын мафияның басқаруындағы мемлекет құрып отыр деп кінәлайды.
Будапештегі Израиль елшісі Йосси Амрани және елдегі еврей қоғамының өкілдері биліктен бұл кампанияны шұғыл арада тоқтатуын сұрап, кері жағдайда аталған кампания антисемитизмнің көрінісі ретінде бағалануы мүмкін (Джордж Сорос Венгриядағы еврей жанұясында дүниеге келген) деп мәлімдеді.
Германияның Еуропа істері бойынша мемлекеттік министрі Михаэль Рот ұйымдастырылып отырған кампания туралы айтуға сөз таба алмайтынын жеткізіп, наразылығын білдірді. Дегенмен Венгрия Үкіметі әлем елдері мен басшыларынан келген сын-пікірлерге әлі жауап берген жоқ.
Ағымдағы жылдың маусым айында Венгрия Парламенті шет елден қаржыландырылатын үкіметтік емес ұйымдарды қадағалауды күшейту туралы заң қабылдады. Виктор Орбан бұл өзгерісті : "Сырттан қаржы алып отырған ұйымдар елдің ішкі ісіне араласып отыр" - деп түсіндірді. Бірінші кезекте, мұндай айыптаулар Сорос қаржыландыратын ұйымдарға тағылған болатын.
Одан бұрын Венгрияның Президенті Янош Адер елдегі ұлттық университеттерді қаржыландырушы шет елдік ұйымның тіркелген елінде оқу орталығы болуын талап ететін заң қабылдады. Осы заңға сәйкес, АҚШ-та тіркелгенімен, онда жұмыс істейтін оқу орталығы жоқ Джорд Соростың Венгриядағы Орталық Еуропа университеті (CEU) жабылуы мүмкін.