Дүбірлі Гала-концертпен Астанада әскери оркестрлердің VІ халықаралық «Әскери керней» фестивалі өз мәресіне жетті деп хабарлайды ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі. «Қазақстан» спорт сарайында өткен өнер кеші еліміздің ішкі істер органдарының 25 жылдық белесіне арналды.
Дәстүрге айналған «Әскери керней» фестивалі биыл алтыншы мәрте өз жалауын көтеріп, оған еліміздің маңдай алды әскери оркестрлерімен бірге көрші Қытай мен Ресейдің үздік әскери өнер ұжымдары қатысты. Атап айтар болсақ, байқауға іріктеу сындарынан сүрінбей өткен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының үздік деген әскери оркестрлері өнер көрсетті. Олардың қатарында Ұлттық ұланның үлгілік көрсетімді оркестрі, Әскери институттың әскери оркестрі, Ұлттық ұланның «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының әскери оркестрлері бар.
Сонымен бірге фестивальдің ақтық өнер кешінде Мемлекеттік күзет қызметінің (Президенттік оркестр) әскери оркестрі мен құрмет қарауыл ротасы, ҰҚК Шекара қызметінің бірлескен оркестрі және ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрі қатысты. Өнер додасының көркін шет елдерден келген Ресей Федерациясы Ұлттық ұланы әскері Орал округы штабының әскери оркестрі мен Қытай Халық Республикасы Халықтық қарулы полициясының оркестрі қыздырды.
Отансүйгіштік пен ұрпақтар сабақтастығы рухында өрілген Плац-концерт «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі іс-шаралары аясында өткізіліп, ондағы классикалық, халықтық және эстрадалық музыкалық туындылармен қатар, жауынгерлік парад-дефиле, әскери-қызметшілердің қару-жарақпен көрсетілген танымдық көрсетілімдері Астана және оның қонақтары үшін бірден-бір есте қаларлықтай жарқын әсер қалдырды.
Әсіресе, жұртшылықты Президенттік оркестр мен Ұлттық ұлан үлгілік көрсетімді оркестрі орындаған туындылар ерекше тәнті етті. Еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Тілек Ерғалиев жетекшілік ететін Президенттік-үрмелі оркестр Мәскеуде өтетін әйгілі халықаралық «Спасская башня» фестивалінің тұрақты қатысушысы. Онымен бірге өнер ұжымы Қазақстанды түрлі әлемдік байқауларда абыроймен танытып жүр. Бұл кеште де өнерпаздар тамаша шоу ұйымдастыра біліп, көрерменді қуанышқа бөлей білді.
Ресейдің еңбек сіңірген әртісі подполковник Валерий Беликов дирижерлік ететін Екатеринбург қаласынан келген Ұлттық ұлан әскері Орал округы штабының оркестрі де қалың қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлай білді. Кәсіби деңгейде орындалған туындылар көрерменнің жүрегіне дөп тиіп жатты. Қазақ еліне құрмет ретінде өнер ұжымы Абайдың «Көзімнің қарасы» мен «Наурыз» әуенін домбырамен сүйемелдей орындап, кешке жиналған жұртшылықтың ерекше ықыласын туғыза білді.
Қытайлық Ли Сычен жетекшілік ететін Халықтық қарулы полициясының «Защитник» оркестрі осымен екінші рет Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлделері үшін өткен халықарлық фестивальға қатысты. Құрамында дарынды да шебер орындаушылары бар музыкантшылар осы жолы да бар өнерлерін ортаға салды. Қытайлық композиторлардың туындыларын орындаған оркестр жиналған қауымды аспан асты елінің мәдениетімен тәнті етті.
Кеш барысында 150 адамнан құралған ұландық жауынгерлер ішкі істер органдарының 25 жылдығына тарту ретінде «ІІМ», «25», «ҰҰ», «KZ» әріптері мен сандарын салып, Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің солистері «Полиция қыранымыз» және «Ұландар» атты Ұлттық ұлан гимнін орындады.
Ал қытайлық, ресейлік және Ұлттық ұланның үлгілік көрсетімді оркестрі бірлесе орындаған «Дружба» әуені үш ел арасындағы ынтымақтастықтың мызғымас екендігін әспеттегендей болды. Салтанатты кеш фестивальға қатысқан барша оркестрлердің орындауындағы «Қазақ елі» әнімен аяқталды.
Фестиваль қорытындысы бойынша Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов өз атынан арнайы сыйлықтар мен дипломдарды Ресей, Қытай, еліміздің Президенттік оркестрі, Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрі және ҰҚК Шекара қызметінің бірлескен оркестрлерінің жетекшілеріне тарту етті.