Парламент мәжілісінің депутаттары "Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, теміржол көлігі көрсететін қызметтерге қол жеткізуді реттеу тәртібін қолдану туралы келісімді ратификациялау" заң жобасын мақұлдады.
Заң жобасын ұсынған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің сөзінше, қол қойылған келісім 2017 жылдың 10 қаңтарынан бері уақытша қолданылып келеді және екі ел арасындағы ЕАЭО-ға қатысты кейбір келісім нормаларын мерзімінен бұрын қабылдауды қажет етеді.
Министрдің сөзінше, келісім біріншіден, қазақ және қырғыз тұтынушылары үшін теміржол көлігі қызметтері мен инфрақұрылымның қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Екіншіден, ЕАЭО шеңберінде Қазақстан мен Қырғызстан арасында темір жол және транзит көлігімен тасымалданатын тауарларға қатысты бірыңғай тарифтерді тараптардың пайдалануына мүмкіндік береді.
"Бірінші кезекте бірыңғай тарифті қолдану қолайлы тарифтік жағдай жасау арқылы тасымал көлемінің артуын қамтамасыз етеді. Қазірдің өзінде екі ел арасындағы жүк тасымалы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14%-ға артты", — дейді министр.
Айта кетейік, екі ел арасындағы тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, теміржол көлігі көрсететін қызметтерге қол жеткізуді реттеу тәртібін қолдану туралы келісім 2016 жылдың 26 желтоқсанында Санкт-Петербургте жасалған.