Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені +/-1% дәлізбен 10,5%- ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұлттық банктің мәліметінше, жылдық инфляция нысаналы дәлізде орнықты, халықтың инфляциялық күтулері қалыпты, экономика белсенділігінің жанданғаны байқалады. Қалыптасып жатқан ақша-кредит талаптарын есептегенде және күйзелістер болмаған жағдайда инфляция 2017 және 2018 жылдары белгіленген нысаналы дәліз шегінде болады.
"Инфляциялық қысымның экономиканың және жиынтық сұраныстың өте жылдам қалыпқа келуі жағдайындағы тәуекелдері айтарлықтай деп бағаланбайды. Экономиканың дамуының базалық сценарийінің іске асырылуы (мұнай бағасы – бір баррель үшін 50 АҚШ долл.) , сондай-ақ жағымсыз күйзелістер болмаған және инфляцияның нақты серпіні болжанатын өлшемдерге сәйкес келген жағдайда алдағы 12 айда базалық мөлшерлеменің төмендеу үрдісі жалғасуы мүмкін. Ұлттық Банк нақты пайыздық базалық мөлшерлемені экономиканың өсуінің ұзақ мерзімді әлеуетті қарқынымен салыстырмалы деңгейде ұстап тұратын болады", - делінген баспасөз хабарламасында.
Базалық мөлшерлеме бойынша шешім мынадай факторлар ескеріле отырып қабылданды:
- Жылдық инфляция 2017 жылғы мамырда нысаналы дәліз шеңберінде 7,5% мөлшерінде қалыптасты және Ұлттық Банктің бағаларына толығымен сәйкес келуі;
- теңге бағамының ағымдағы деңгейде сақталуы бойынша тұрақты күтулері аясында салымшылардың валюталық басымдығының өзгеруі;
- Экономикадағы іскерлік белсенділік;
- Ақша-кредит талаптары базалық мөлшерлеме төмендегеннен кейін қалыпты-қатаң деңгейден бейтарап деңгейге дейін жұмсаруы.
Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2017 жылғы 17 шілдеде Астана уақыты бойынша сағат 17.00-де жарияланатын болады.
Айта кетейік, Ұлттық банк бұған дейін базалық мөлщерлемені 12%-дан 11%-ға дейін төмендеткен. 2016 жылы бұл көрсеткіш 17% деңгейінде болған.