Бүгін, 20 ақпанда, Қытай астанасы Бейжіңде Қытай-Моңғолия сыртқы істер министрлері кездесті. Қатысты ақпараттарға сүйенсек, бұл реткі талқы түйіні Қытай-Моңғолия қатынасында соңғы кездегі қалыптасқан түйіткілдер турасында болған. Кездесуде Моңғолия сыртқы істер министрі Тибетті Қытайдың бір бөлегі деп растағанын хабарлайды Chinanews.com.
Қытай сыртқы істер министрі, екі ел қарым-қатынасында сыртқы байланыстарға қаратқан позицияларының маңызды болып келгенін, Қытай-Моңғолия арасында ұзақ жылдан бері қалыптасқан берік қарым-қатынас барлығын атап өтті. Алдағы уақытта бұның екі ел дамуында көрнекті рөл ойнайтынын алға тарта отырып, саяси сенімділіктің болуын екіжақты байланыстың негізі деп көрсетті. Ол және осыдан біраз бұрын Моңғолия тарабы осы сенімге сызат түсірді деді. « Моңғолия «Үлкен Қытай» саясатын, тибет және басқа да өзекті мәселелерде Қытай ұстанымын құрметтеуі керек. Бұл аталған мәселелер екіжақты қарым-қатынастың баянды болуына басты негіз», – дегенді қадай айтты қытай министрі.
Қытай министрінің бұлай деуінің себебін түсіндіре кетелік. Осыдан бұрын Моңғолия тибеттің Қытай сыртындағы діни көсемі Далай-Ламаны еліне шақырған болатын. Оның өзінде мемлекеттік мекеме атынан емес, Моңғолиядағы үкіметтік емес ұйымның шақыруымен келіп, моңғол халқының діни рәсіміне қатысқан. Моңғол арасында бірнеше күн болып кеткен Далай-Лама Қытай билігінің шамына тисе керек. Бұндағы қытайдың көлденең тартқан уәжі – Моңғолия тибет Далайын шақыру арқылы, «Үлкен Қытай» саясатына қайшы келіпті-мыс.
Далай-Лама – тибет үшін аса маңызды діни тұлға. Ол тибеттің дербестігін жақтаушы және тибеттің әлемдегі ең жоғары діни лауазымды адамы. Алайда, Қытай үкіметі оны мойындамайды және Тибет автономиясының Далай-Ламасы ретінде өздері тағайындаған өкілі бар. Қытайдан сырт елде тұратын Далай-Лама «Үлкен Қытай» саясатына қауіпті тұлға ретінде, қытай билігінің қадағалауында жүреді. Моңғол халқы тибетпен ортақ дін ұстанатындықтан, үкіметтік емес ұйымы діни рәсімге қатысуға ұсыныс жасаған. Тибет Далайының Моңғолияға келуі екі ел қарым-қатынасына сызат салды деп тауып, қытай билігі Моңғолиямен жасалған біраз келісімдерін күшінен қалдыруға дейін барған. Моңғол үкіметі Далай Ламаны елге шақырған ұйымды сынға алып, ендігі жерде тибет далайын моңғол шекарасына кіргізбеуге сенім білдірсе де, қытай тарапы экономикалық қысымын бәсейітпеген.
Моңғолия Орта Азиядағы теңізден шалғай елдердің бірі. Қытай және Ресеймен ғана шекаралас болғандықтан, импорт-экспортта Ресей мен Қытайға мүдделі. Моңғолияның көмір байлығы әлемнің алдынғы қатарында тұрады. Алайда, Қытай Моңғолия көмірін сатып алуға үміткер, Оңтүстік Шығыс Азия елдері мен Корея, Жапонияға тасымал жолдарына рұқсат бермей отыр. Сондықтан да, Моңғолия көмірін Қытайға арзан бағада сатуға мәжбүр болып келеді. Моңғолияның Қытайға сататын көмірінің бағасы халықаралық нарықтан әлде қайда төмен. Жоғарыда аталған тибет Далайының келуін көлденең тартып, бұл бағаны әуелгіден 30 пайызға дейін төмендеткен.
Бір ғана осы себептен кейін, Моңғолияның экономикасы қиындықта қалды. Қытаймен жасаған келісімдердің күшінен қалуы салдарынан, елдегі өндірістердің де көбі тоқтауда. Қытай өзінің тиімділіктері арқылы Моңғолияға саяси-экономикалық қысым түсіріп жатқаны анық. Бұл реткі кездесудің Бейжіңде өтуінің өзі қалыптасқан жағдайды оңауға ең алдымен Моңғолияның мүдделі екенін көрсетті. Кездесуде Моңғолия министірі «Үлкен Қытай» саясатын толықтай жақтауға, тибетті Қытайдың бір бөлегі деп тануға келісім берді. Кездесу барысы толықтай қытайдың ырықтылығында өтті деуге болады.
Қытай мен Ресей Моңғолияның шекаралық жағдайынан пайдаланып, табиғи байлықтарын шығаруға кедергі болумен бірге, шикізатын сатып алуда бағаны халықаралық нарықтан әлдеқайда төмен қойып, өктемдігін көрсетіп келеді. Халық саны аз Моңғолия тығырықтан шығудың басқа жолдарын туризмнен де іздестіргелі көп болды. Ел үкіметі туризмді дамытуды басты назарға ұстауда. Бірақ, Қытай мен Ресей өктемдігі бәсеңдемей, бұл елдің экономикалық дамуы қиынға соғады. Моңғолия жағдайы Қытайға кіріптарлықтың болашағын танытып тұрса керек.
“The Qazaq Times”