Тайуанның (Тайвань) Халықаралық көмекке жауапты арнаулы өкілінің мәлімдеуінше, Қытайдың «Үлкен Қытай» (Бір Қытай/ One China) саясаты Тайуанның Африка елдеріне көмек көрсетуіне жол бермей келеді. Ресми Бейжің тарабының әрекеттері Тайуанның Африка және өзге елдермен болған дипломатиялық қатынасын қиындата түскен. Бұл туралы VOA ақпараттық сайты хабарлады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Тайуанның Африка елдерімен болған дипломатиялық қарым-қатынасы жақсы болған. Соның негізінде Тайуан үкіметі Африка елдеріне көмек көрсету ісін жүйелі жалғастырып келген. Алайда, соңғы жылдары Қытайдың Африкадағы ықпалының артуына ілесе, Тайуанның қара құрлық елдерімен байланысы нашарлай түсті. Айталық, 2000 жылы Тайуанның 9 африкалық дипломатиялық серіктері болса, бүгін тек Буркина-Фасо және Свазиленд қатарлы екі ел ғана дипломатиялық қатынасын сақтап отыр.

Тайуанның Халықаралық ынтымақтастық және даму қорының төрағасы Ли Байбо (Li Baibo) VOA агенттігіне берген сұхбатында: «Осыдан біраз жыл бұрын бізде Сенегал, Гамбия, Нигерия, Ливия, Орталық Африка қатарлы 9 дипломатиялық байланыстағы ел бар еді. 6 жыл бұрын олар Тайуанмен жақсы қарым-қатынаста болып келді. Бірақ қазір олар Бейжіңнің «Бір Қытай» саясаты бойынша, бізбен қарым-қатынасын үзді», – деген.

Ли Байбоның айтуынша, Тайуан 1967 жылдан бастап Буркина-Фасо елінің суару жобасын жасауға және жақсартуға көмектесе бастаған. Ал,1973 жылы Қытай мен Буркина-Фасо арасында дипломатиялық қатынас орнағаннан кейін бұл жоба тоқтап қалған. Алайда, 1994 жылы Буркина-Фасо халықаралық қолдаудың арқасында Тайуанмен қарым-қатынасын қалпына келтірген және ауылшаруашылық жобалары қайта іске қосылған.

Мәліметтерге қарағанда, Қытай тарабы Буркина-Фасомен дипломатиялық байланыс орнатқан 1973-1994 жылдар арасында бұл елде аурухана, үкімет ғимараты, стадион және басқа да құрылыс кешендерін салып берген. 2016 жылы аталған екі ел арасындағы сауда көлемі 155 млн АҚШ долларын құраған. Бірақ, тайуандық лауазымдының айтуынша, Буркина-Фасо Бейжің тарабының құны 50 млрд АҚШ доллары тұратын жобасынан бас тартып, Тайуанмен ынтымақтастық қатынасын сақтап қалған.

“The Qazaq Times”