Халықаралық ұйымдар мен одақтас елдердің «қой, қой» дегеніне қарамастан, АҚШ президенті Дональд Трамп Иран ядролық келісімінен шығу туралы шешімге қол қойды. Осы арқылы, АҚШ өзге емес, Израильмен ғана бір майданда қалатынын меңзеді. АҚШ президенті жай ғана келісімнен бас тарта салған жоқ. Иран Ислам Республикасына қарата ең қатаң жазалау шараларын қабылдайтынын да білдірді. Сондай-ақ, Иран режимін террорлық ұйымдардың басты қолдаушысы деп мәлімдеді.
Трамптың айыптауы мен соңғы шешімі
Трамп осыдан екі күн бұрын Ақ үйде жасаған мәлімдемесінде: «Иран терроризмді демеуші мемлекет. Бұл үшін өз халқының әлеуетін пайдаланып отыр. Иран режимі «Хизбулла», «Хаммас», «Талибан», «әл-Каида» ұйымдарының қолдаушысы», – деді. Ал Иран ядролық келісімі туралы сөзінде: «Бұл келісім адамды ұялтатын біржақты келісім. Егер мен бұл ядролық келісімге рұқсат берсем, Таяу Шығыс қаруланады. Бұл келісім Иранның өңірдегі амбициясын тоқтата алмайды, Иранның ядролық қаруын бұл шіріген келісіммен жоғалта алмаймыз», – деді.
Трамп осы айыптаулардан кейін аса маңызды шешімін жария етіп, Иран ядролық келісімінен бас тартатынын, Иранға бағытталған санкциялардың қайта іске қосылатынын мәлімдеді.
2015 жылғы келісім
2015 жылы жасасқан Иран Ядролық келісіміне Ираннан тыс 6 ірі ел қол қойған. Олар – АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Қытай, Франция және Германия. Келісімде, Иранның ядролық бағдарламасына шектеулер қойып, оның қарымжысы ретінде Иранға қаратылған халықаралық санкция алынып тасталған еді. Бұл 2006 жылдан бері жүзеге аспай келе жатқан сөйлесулерге үлкен бұрылыс әкелгенді.
Келісімге сәйкес Иран өзінің ядролық аймақтарына БҰҰ-ның бақылаушыларын кіргізуге рұқсат берді. Алайда, бақылаушылар Тегеранның рұқсатынан кейін ғана ядролық аймаққа кіре алады.
Әлемдік БАҚ назарында
Трамптың бұл қадамы әлем ақпарат кеңістігін де, халықаралық саяси аренаны да елең еткізді. АҚШ-тың танымал басылымдары бұл туралы түрлі пікірлер айтуда. Айталық, «Уашингтон пост» (Washington Post): «Бұл шешім онсыз да жоққа тән АҚШ пен Иран диалогты толығымен үзеді. Бұдан ары қайта қалпына келтіру мүмкіндігін жояды»,– деген пікір білдірді.
Әлем назарында
Франция президент Эммануэль Макрон бұл туралы пікірінде: «АҚШ президенті Иранмен жасасқан келісімнен шығатын болса, бұл қадам соғысқа бастайды. Мен президент Трампты соғысты қалайды деп ойламаймын», – деді. Бірақ, бұл пікірі Трамп шешімінен сәл ғана бұрын айтылған еді. Макрон АҚШ сапары кезінде де Трампты аталған келісімді сақтап қалуға шақырған еді, алайда, бұл әрекеті нәтиже бермеді.
Иранның жауабы
Иран тарапы Трамп шешімінен бұрын АҚШ-пен арадағы ядролық келісім туралы қайта талқылаудың болмайтынын айта келіп: «Егер АҚШ келісімнен бас тартса, бұл тарихи қателік болады және ол жауапсыз қалмайды», – деген болатын.
Иран президенті Хасан Рухани Мәлімдемесінде: «АҚШ-тың шешімі бізге тарихи сабақ, олар уәдесінде тұрмады. АҚШ кемінде біздің келісімді орындамағанымыз туралы дәлелдерін көрсетуі керек. Бұл тек АҚШ пен Иран арасындағы келісім емес, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде, өзге елдердің мәжілісі мен сенатында бекітілген келісім. Иран келісімді АҚШ-тан өзге бес елмен жалғастыра береді», – деді.
Бұдан тыс, Иран Мәжілісінде Ядролық комитеттің төрағасы Мүжтеба Зуннур мәлімдемесінде: «АҚШ ядролық келісімнен шыққан жағдайда, Теһран (Тегеран) өзіне қажетті мөлшерде уран байытады», – деген болатын.