Оңтүстік және Солтүстік Корея арасында 9 қаңтар өткен жоғары дәрежелі келіссөзден кейін, тараптар байланысты жалғасты сақтап тұруға тырысуда. Екі елдің өкілдері 15 қаңтарда екі ел шекарасындағы Бенмонжом шекара аймағының Солтүстік Корея жағында кездесу өткізді. Кездесуден кейін Пиоңчаң қысқы Олимпиадасы қарсаңында Солтүстік Кореяның өнерпаздар тобы Оңтүстік Кореяда гастрольдік сапар жасау туралы келісімге келген. Бұл туралы «People» басылымы хабарлады.
Оңтүстік Корея Бірлікке келтіру министрлігінің жасаған мәлімдемесіне қарағанда, Солтүстік Кореяның «Самжион» үрлемелі-шертпелі аспаптар оркестрінің 140 өнерпазы Оңтүстік Кореяға сапарлай келеді. Олар ел астанасы Сеул және Гангоң қатарлы қалаларда концерт береді. Оркестр мүшелерінің қауіпсіздігі мен барлық жағдайына Оңтүстік Корея жауапты болатынын жеткізген. Концерт өтетін орындар мен қолданатын құрылғыларды алдын ала тексеруге Солтүстік Корея тарабы арнайы тексеру тобын жіберетін болған.
Аталған министрліктің кешегі мәліметінде, екі елдің ресми өкілдері Бенмонжомда бүгін, 17 қаңтар қайталай кездесіп, Пиоңчаң олимпиадасына қатысатын Солтүстік Корея өкілдер тобының жұмыстары туралы кеңеседі.
Оңтүстік Корея жақтың мәлімдеуінше, екі ел арасындағы келіссөздер қазірге ядролық қару немесе Корей түбегі қауіпсіздігі қатарлы тақырыптарды қамтымаған. Қысқы Олимпиада ойындарына байланысты мәдени ауыс-күйіс екі ел арасындағы түсіністік пен сенімді тереңдетеді, бұл алдағы ресми келіссөздерге үлкен жол ашады деп үміттенеді.